$ 498.34  519.72  4.85

Көкшетаулық педагогтар Дариға Назарбаеваны қалай алдады?

Кеше вице-премьер Дариға Назарбаеваның Көкшетауға барып, бірнеше нысанды аралағанын отандық БАҚ өкілдері жарыса жазып жатты. Сол нысандардың бірі қаладағы №2 орта мектеп болатын. Алайда, аталған білім ордасының басшылары Дариға Нұрсұлтанқызына өз оқушыларын емес, №3 мектепте оқитын үздік оқушыларды әкеліп көрсеткенге ұқсайды. Бұл жайында Көкшетау қаласындағы М.Ғабдулин музейінің ғылыми қызметкері Оюлы Қуаныш Ерғалиұлы өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.

Дариға Назарбаева мектептерде үштілді білім беру жүйесін қолдайтынын, оны тезірек қолданысқа енгізу керектігін жуырда ғана айтқан болатын. Вице-премьердің осы сөзін №2 мектеп басшылары назарда ұстаған болу керек, ол мектепке келгенде биология пәнін ағылшын тілінде өтіпті. Дегенмен, өз оқушылары шет тілін жетік меңгермегендіктен, педагогтар №3 мектептің озат шәкірттерін алдыртқан дейді Қуаныш Ерғалиұлы.

"Елдің бəрі анау үш тілге қатысты реформа қабылданбаса екен деп уайымдап жүрсе, біздің басшылар соған атсалыспақ ниетте екен. Тіпті қатты тырысқаны соншалық Дариға ханымның өзін алдап жіберген ғой. Дариға нөмірі 2-ші мектепке бармақ болған екен, біздің сұңғыла басшылар екінші мектептің оқушыларының орнына нөмірі 3-ші мектептің оқушыларын отырғызып қойыпты. Отырғызып қойып "биология" пəнін ағылшынша өткізіпті. Əй, сабазың-ай! Не деген ақыл, не деген ми?! Осы жағдайға байланысты ата-аналар мен ұстаздардың, оқушылардың арасында реніш бар. Кім өзін, болмаса өзінің баласын біреуден кем көреді. Əрине, реніштері орынды" дейді музей қызметкері.

Оның айтуынша, мұғалімдердің өзі шәкірттерінің алдында осындай құйтырқы әрекетке барса, бала тәрбиесі туралы айтудың өзі артықтық. Ол сондай-ақ, болашақта балаларының мәңгүртке айналмауы үшін үштілді білім беру жүйесіне қарсы екенін де жеткізді.

"Ал енді басты мəселе, біз кімді алдап жүрміз?! Жас ұрпақты өтірікпен ауыздандырып жүріп, қалай бетіміз бүлк етпей тəрбие туралы сөз айтамыз?! Сонда Дариға Назарбаеваны қарсы алуға облыстың ығай-сығайлары барған, кім екенін аттарын атап, түрлерін түстемей-ақ қояйын, солардың біреуі осы мəселе туралы жақ ашпағанына налимын. Ел боламыз дейміз, қайдан ел боламыз мына түрімізбен жас баланың көзін бақырайтып қойып көзінше "ойнас жасап" жатсақ. Ұят емес пе?! Күлеміз бе, жылаймыз ба?! Осы жазбам үшін жергілікті билік менің де маңдайымнан сипамасын білем! Бірақ үндемей қалуға азаматтық ар-ұжданым жібермеді. Үн қосыңыздар ағайын! Ана тілі оларға керек болмаса бізге керек! Мен баламның мəңгүрт болғанын қаламаймын!" дейді Оюлы Қуаныш Ерғалиұлы.

Айта кетейік, биыл 1 қыркүйектен бастап Қазақстандағы орта білім беру саласын үлкен реформалар күтіп тұр. Атап айтқанда, бұдан былай мектептер 5 күндік оқу жүйесіне өтіп, жазғы демалыстары 1 айға қысқарады. Сондай-ақ, мектеп пәндерінің басым бөлігі ағылшын және орыс тілдерінде жүргізілмек.

Ал, үкіметтің бұл реформаларына наразы топ бүгінде әлеуметтік желілер арқылы қол жинап, заңға енгізілген өзгерістерді алып тастауын талап етуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары