$ 446.49  475.38  4.79

Шымкент әкімінің орынбасары тұрғындарға тиесілі жерді қарындасына әпермек болған - блогер

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов "Нұрсат" шағынауданындағы №134 "А" үйінің жанында орналасқан жер телімін өз қарындасына әпермек болған дейді блогер Айгүл Орынбек өзінің Фэйсбук-парақшасында. Алайда, қала әкіміне шенеунік үстінен шағым түсірген үй иелері көлік тұрағына арналған орынды өздерінде сақтап қалыпты. "Осыдан кейін Жанбосынов артымызға шам алып түсті" дейді аталған үйдің тұрғындары.

№134 "А" көпқабатты үйі жас отбасыларға берілген. Алайда, олар үйдің айналасында көлік қоятын бірде-бір орын қарастырылмағанын айтады. Ал, ғимарат артында бос жатқан жерге тұрақ салуды сұрап, әкімдікке өтінім жазғанда, аталған жер телімінің жекеменшіктің қолына өткелі жатқанын анықтайды. Зерттей келе белгілі болғаны, жерді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Жанбосыновтың қарындасы кәсіпкерлік мақсатта өз атына аудармақ болған екен. Дереу қала әкімі мен прокурордың атына арыз түсірген үй тұрғындары бұл процесті тоқтатып тастаған. "Осынау әрекетіміз Жанбосыновтың шамына тиіп кетсе керек, қазір ТҮКШ бөлімі артымызға шам алып түсті" дейді үй тұрғындары.

Блогер Айгүл Орынбектің айтуынша, осы №134"А" үйді салған кезде мердігер компания ғимаратқа жылу айдайтын насос орнатуды ұмытып кеткен (бәлкім әдейі орнатпаған). Соның салдарынан, жоғарғы қабаттағы пәтерлерге жылу жетпейді екен. Қыста жаурамау үшін бұл пәтерлердің тұрғындары өздігімен автономды жылыту қондырғыларын үйлеріне орнатып алған. Енді қала әкімінің орынбасары Жанбосынов аталған қондырғыларды түгел алдыртып тастауға күш салуда дейді ол.

Айта кетейік, кеше журналистермен кездесу өткізген Бейсенбек Жанбосынов "Нұрсаттағы" 669 пәтердің 75-і өздігімен автономды жылыту қондырғыларын үйлеріне қойып алғанын айтқан еді. Енді аталған пәтер иелері қондырғыларын алып тастамаса тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бүкіл үйді көгілдір отыннан ажыратпақ.

Осы ретте үй тұрғындары тарапынан туындаған тағы бір сұрақ бар. 2014 жылы Шымкент қаласының әкімдігі мердігер компаниядан көпқабатты үйдің құрылысы біткендігін растап, оны қабылдап алған. "Олар жылуды жоғарыға айдайтын насостың жоқ екенін біле тұра құрылысшылардан үйді қалайша қабылдап алды, сонда біз қыс бойы баспанамызды немен жылытуымыз керек?" дейді жылуы жоқ пәтер иелері.

Б.Жанбосынов болса Шымкенттегі 84 мың пәтердің 18 мыңында дәл осындай автономды жылыту пештерінің орнатылғанын айтады. Биылдан бастап оларды ажыратып, орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосуды бастаймыз дейді қала әкімінің орынбасары. Ал, қарындасының кәсіпкерлік үшін алмақ болған жері туралы ол жақ ашқан жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары