$ 498.34  519.72  4.85

Ресейлік БАҚ өкілдері «Протонның» экологияға қауіпті екенін мәлімдеді

Бүгін Ресей өз аумағында салынған Восточный ғарыш айлағынан тұңғыш рет ғарышқа зымыран ұшырды. Құрылысы бірнеше жылға созылған нысан іске қосылғанда Байқоңырдағы ұшырулар азаяды деп ойлағанбыз. Алайда, Роскосмостың "Протон" зымыран тасығыштарын әдеттегідей тек Қазақстаннан ұшыруды жоспарлап отырғаны бүгін белгілі болды.

Ресейлік Lenta.ru порталының мәлімдеуінше, болашақта Восточныйдан ғарышқа адамдар ұшатын болады. Бірақ, оған дейін біраз жұмыстар атқарылуы керек. Сондай-ақ, нысан маңынан ғарышкерлер мен осы саланың қызметкерлеріне арналған Циолковский қалашығы салынатын болады. Ал, Байқоңыр болса бұрынғысынша экологиялық қауіпті зымырандарды ұшыруын жалғастыра бермек.

«Осылайша, жақын болашақта Ресей жаңа ғарыш айлағын серіктестері мен тапсырыс берушілердің арасында насихаттап қана қоймай, Байқоңырды пайдаланғаны үшін Қазақстанға ақша төлеуін жалғастыра бермек. Ескі ғарыш айлағын «Протон» және соған ұқсас өзге де экологиялық лас отынмен ұшатын зымырандарды ұшыру үшін пайдалануға болады» делінген аталған мақалада.

Естеріңізге салайық, 2013 жылдың шілдесінде Байқоңырдан ұшырылған «Протон» зымыран тасығышы әуеге көтерілген сәтте жарылып, жерге мыңдаған тонна гептил улы заты төгілген болатын. Мұнан кейін дереу мәлімдеме жасаған Қазақстан үкіметі гептилдің қоршаған ортаға еш зияны жоқ екенін айтып, жұртты даурықпауға шақырды. Ал, араға бір 2 жылдай уақыт салып қазақ даласында 134 мың ақбөкен қырылып қалды. Жануарларға жұттың неден келгені әліге дейін нақты емес. Ресми органдар мұны пастереллез ауруынан десе, кейбір экологтар гептилдің уы екенін айтып келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары