"Әліби ісі" бойынша елге аты шыққан кәсіпкер Қайрат Жамалиев 13 жылдық мерзімін Алматы облысындағы қатаң режимдегі түрмеде өтеп жатқаны белгілі. Бүгінге дейін ол өзінің заңды әйелі Алёна Жамалиевамен және өз әпкесімен екі рет кездескен деп мәлімдеді "Астана" телеарнасы.
Түрмеге алғаш келген кезде Жамалиевті карантинді бөлімге орналастырған. Артынша өзге сотталушылардың жанынан жатақханадан орын беріпті. Бүгінде ол 100-ден астам адаммен бірге жазасын өтеп жатыр. Экс-кәсіпкер депрессияға түспей, спорттық шараларға қатысып тұрады екен. Сондай-ақ, бос уақытында шахмат ойнап, кітап оқиды дейді ЛА-155/8 мекемесінің басшысы Нұрлан Қалиақбаров "Астана" тілшілеріне берген сұхбатында.
"Мекеменің қоғамдық өміріне белсенді араласады, ешқандай ереже бұзған емес. Жалпы, мұнда ешкімге ешқандай артықшылықтар көрсетілмеген, өзге сотталушылар секілді жазасын өтеп жатыр. Алғашқы келген 15 күнде ол карантинді бөлімде болды" дейді мекеме басшысы.
Жамалиевтің өзі болса журналистермен кездесуден үзілді-кесілді бас тартып келеді. Ал, түрме басшылары оның тәртібінің жақсы болуына байланысты жеңілдетілген режимдегі түрмеге ауысуы мүмкін екенін айтып отыр. Егер ауыса қалса Жамалиев туыстарымен жиі көрісетін болады.
"Тек 9 ай өткеннен кейін ғана қарастырамыз. Егер оның тәртібі жақсы болса жеңілдетілген режимге ауысады. Айырмашылығы - туыстарымен кездесулердің көптігінде ғана, өзге ерекшеліктері жоқ. Ол жақта жылына 4 ұзақ және 4 қысқа кездесулер ұйымдастырылады" деді Қалиақбаров.
Естеріңізге салайық, Қайрат Жамалиев былтыр Астана тұрғыны Әліби Жұмағұловтан тоқалын қызғанып, оны өлімші етіп сабаған еді. Кәсіпкерге ол кезде досы Арман Әбілтаев пен жүргізушісі Анатолий Прибытков көмектескен. Сот үкіміне сәйкес, Әбілтаев 12 жылға, Прибытков болса 8 жылға бас бостандығынан айрылды.