$ 446.49  475.38  4.79

Кәрім Мәсімовтің әкесі сатып жіберген балалар үйі заңды иелеріне қайтарылды

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Қажымқан Мәсімов сатып жіберген балалар үйінің ғимаратын кері қайтаруға шешім шығарды деп жазады Total.kz. Сот үкіміне сәйкес, құрылтайшылар жиынының хаттамасы қолдан жасалғаны анықталып, ол жарамсыз деп танылды. Естеріңізде болса, ҚР Премьер-министрінің әкесі Алматы облысындағы аталған ғимаратты небәрі 10 миллион теңгеге сатып жіберген болатын.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қажымқан Мәсімов «Фазыл-Газы Топлы» қайырымдылық қоры құрылтайшыларының бірі болған. Ол жалған хаттама әзірлеу арқылы аумағы 1074,8 шаршы метр болатын ғимаратты өзінің туған бауырына сатып жіберген. Боралдай ауылындағы осынау ғимаратта бұған дейін әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан және ата-анасының қамқорынсыз қалған жетім балалар тұрып келген.

Мәсімовке алданып қалған «Фазыл-Газы Топлы» қорының өзге құрылтайшылары – Ықлас Ерлан, Олгун Мехмет және Бақыт Дариябаев мұнан кейін сотқа арызданып, ғимаратты сату туралы хаттаманы заңсыз деп табуын сұраған. 3 мамыр күні судья аталған құжаттың расымен де қолдан жасалғанын растап, ғимаратты заңды иелеріне қайтару туралы шешім шығарды. Сондай-ақ, премьердің әкесі мемлекетке салық ретінде 100 мың теңге төлеуі тиіс. Ал, 60 балаға арналған балалар үйінің қожайындары сотта әділ шешім шығарғаны үшін судьяға алғысын білдірді.

ФОТО: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары