05.05.2016, 08:02

Алматы зообағындағы жолбарыстың жағдайы жақсарып келеді (ВИДЕО)

Соңғы бірнеше апта бойы қоғам назарын өзіне аударған Алматы зообағындағы "Құралай" есімді жолбарыстың жағдайы жақсарып келеді. Бұл жайында хайуанаттар бағының өкілдері зообақтың Фэйсбуктегі парақшасында мәлімдеді.

Естеріңізде болса, Алматы зообағындағы аталған жыртқыш осыдан бірнеше ай бұрын өкпе қабынуына шалдыққан болатын. Мамандардың дұрыстап күтпеуі салдарынан жолбарыстың кеселі асқынып, ол өлімші халге жеткен. Тіпті, жуырда Ресейден келген ветеринар-дәрігер де хайуанды азаптамай өлтіруге кеңес берген еді. Дегенмен, бүгін мекеме қызметкерлері жолбарыстың жағдайы жақсарғанын айтып, дәлел ретінде бейнеролик ұсынды. Онда Құралайдың әзер болса да орнынан тұрып, тамақ жегені анық байқалады. Сондай-ақ, жолбарыс өзі отырып, өзі тұра алатын жағдайға жетті дейді мамандар.

Айта кетейік, Алматы зообағының басы дауға біренеше ай бұрын ілінген болатын. Бақта тіршілік еткен алты бірдей қар барысы дәл осы өкпе қабынуы ауруынан қырылып қалған еді. Мекеме директоры мұны бұрынғы басшылардың кінәсі екендігін айтып келеді.