$ 498.34  519.72  4.85

Жер дауында үнсіз қалған зиялылар мен қайраткерлер мораторийден кейін ояна бастады

Нұрсұлтан Назарбаев кеше Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий жарияламастан бұрын бірқатар отандық БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері митингке шыққан халықты жазғырып, олардың артында бүлікшіл топтар тұр деп айыптаған болатын. Парламент депутаттары болса пікір айтудан мүлдем қашып, ешқандай жер дауын естімегенін айтты. Ал, осындай сәтте халық пен билік арасын жалғап, көпір болуы тиіс зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері жұмған ауыздарын мүлдем ашпады. Тек бір-екеуі ғана жерді шетелдіктерге жалға беруден қорықпау керектігін мәлімдеп, сұхбат берген болатын.

Енді кеше Елбасы бұл мәселеге нүкте қойғаннан кейін зиялылар мен қайраткерлер қайта ояна бастады. Яғни, халықтың көтерген бастамасы орынды болғанын, жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға берудің қауіпті екенін айтып отыр. Солардың бірлі-жарымын мысалға келтірейік...

Ақын Олжас Сүлейменов «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында жер дауының артында кімнің тұрғанын анықтау мүмкін еместігін және жер телімдерін шетелдіктерге жалға берудің қауіпті екенін мәлімдеді.

- Халық бұл мәселені шынайы түсініп отыр деп ойлаймын. Кім мұны өз мүддесіне пайдаланып жатқанын анықтау мүмкін емес. Ал, үлкен жер учаскелерін шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруді өз басым қауіпті нәрсе деп есептеймін. 25 немесе 49 жылға жалға берудің соңы ол жерге келген шетелдіктердің тұрақты қалып қоюына әкелуі мүмкін. Ол кезде бұл мәселені шешу қиын болады. Яғни, халық «көрші мемлекеттер ол жерді меншіктеп алады» деп қорқады. Олар қай мемлекеттер екенін айта алмаймын.

- Яғни, тәуелсіздікке қауіп төнуі мүмкін бе?

- Бұл әрине, қауіп. Тәуелсіздікке, республиканың тұтастығына төнетін қауіп болуы мүмкін, - дейді О.Сүлейменов.

Ал, қоғам қайраткері Алдан Смайыл болса 24.kz тілшілеріне берген сұхбатында жердің мемлекеттің тұғыры, халықтың тірегі екенін айтты.

- Қазақта бір жақсы мақал бар. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген. Мен бұл шешімді көптің пікірін құрметтеген деп, елдің ой-арманын сыйлаған деп бағалаймын өз басым. Президенттің Жарлығымен жаңа құрылып жатқан Үкіметтің жанындағы Сағынтаев басқаратын мемлекеттік комиссия жаңа мораторий жарияланған 4 бапты тексерген кезде, осыны ескереді ғой деп ойлаймын, - дейді қайраткер.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов та 24.kz тілшілеріне сұхбат беріп, «енді халық жердің жалға берілмейтінін және сатылмайтынын түсінуі керек» дейді.

- Елбасы біздің Парламентке және үкіметтік емес ұйымдарға, халыққа, қоғамға «осы проблеманы бір жылдай талқылаңыздар, қандай нәтижеге келесіздер, сол кезде шешім қабылдауға болады» деп айтты. Ол – қуанатын хабар. Сондықтан ол біздің ұлттың бірлігіне, амандығына, татулығына шақырады, соған алып келеді деп ойлаймын.

Естеріңізге салайық, кеше Ақордада шұғыл кеңес өткізген Мемлекет басшысы Жер кодексіндегі төрт норманың жүзеге асуына мораторий жариялаған болатын. Яғни, бұған дейін қоғамда дау тудырған жерді аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру туралы заңды келер жылға дейін тоқтатып тастады.

Естеріңізде болса, ауылшаруашылық жерлерінің саудаға түсуіне халықтың басым бөлігі бұған дейін қарсылық танытқан болатын. Бір айдан астам уақыт ел тұрғындары үкіметтен Жер кодексін қайта қарауды талап етті. Тіпті, Атырау, Ақтөбе, Семей, Ақтау, Жаңаөзен және Қызылорда қалаларының орталық алаңдарында митингтер өткізіп, «жерімізді шетелдіктерге бермейміз» деп ұрандатқан еді.

Ал, халықтың мұңынан құлағдар Елбасы кешегі кеңесте осынау даудың ушығып кетуіне кінәлілерді анықтап, барлығын жауапқа тартты. Атап айтсақ, ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев пен оның орынбасары Қайырбек Өскенбаевты қызметінен босатса, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке сөгіс берді. Сондай-ақ, Президент халық сенімсіздік танытқан заңдарға өзінің де қарсы екенін білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары