Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай жергілікті билік өкілдері ҰОС ардагерлері мен тыл ардагерлеріне қолдарынан келгенше сый-сыяпат жасап жатты. Алматы облысы Ащыбұлақ ауылдық округінің 92 жастағы тұрғыны Батырхан Әлімақынов қария да бұл күні билік өкілдерінің назарынан тыс қалған жоқ. Ауыл әкімдігі оған бір шөлмек таза су, бір келідей қарақұмық, бір нан және чак-чак сыйға тартқан деп жазады Informburo.kz. Өмірінде талай қиындықты көрген ақсақал өзін дәл бұлай ешкімнің мазақ етпегенін айтыпты.
Ал, әкімдіктегілер болса ауылдық округте бір ғана ҰОС ардагерінің бар екенін, аймақтың барлық атқамінері сол қарияны құттықтауға күш жұмылдырғанын айтып отыр.
"Батырхан Әлімақынов 1928 жылы дүниеге келген және ол тыл ардагері. Ащыбұлақ ауылдық округінде бір ғана Ұлы Отан соығысының қатысушысы бар, ол - Омельченко Николай Федорович. Оны Ұлы Жеңістің 71 жылдығымен аудан мен ауылдық округ әкімдіктері, ардагерлер кеңестерінің төрағалары, жергілікті депутаттар, қоғамдық кеңес төрағасы аранйы құттықтады. Аудан әкімінің өзі құттықтау рәсіміне қатыса алған жоқ. Ол кісі аудан орталығындағы ардагерлерді құттықтаған" дейді ауылдық округ әкімінің орынбасары Қанатбек Бұғабаев.
Оның айтуынша, округте барлығы 85 тыл ардагері бар. Оларға мереке күні кәсіпкерлер тарапынан түскі ас ұйымдастырылып, шақырту жіберілген. Төсек тартып жатқан 37 қарияға азық-түлік толы дорбалар үйіне жеткізіліпті. Оның ішінде жоғарыда аталған нан мен судан өзге шоколад, шай, күлшелер, сары май, консервіленген ет, өсімдік майы да болған көрінеді. Ал, Батырхан атайға бос неліктен жартылай бос дорба берілгенін әкімлдік қызметкері түсіндіріп бере алған жоқ.