Ақтөбеде полиция қызметкерлерінің көлік жүргізушісіне қарсы күш қолданған сәтін куәгерлер бейнекамераға түсіріп алып, интернетке жүктеген. Оқиға 9 мамыр күні қаланың Орталық колхоз базарында орын алған деп жазады бейнематериал авторы Youtube порталында.
Бейнекадрларда бірнеше тәртіп сақшысының жеңіл көлікте отырған ер адамды күшпен сыртқа алып шығып, оны бірнеше метрге дейін сүйреп апарғаны анық көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, "таяқ жеген" ер азамат көлігін рұқсат етілмеген жерге қойған. Ал, полицейлер оған ескерту жасаған сәтте өзі бірінші ерегісіпті. Тіпті, жол сақшылары әрекетінің дұрыс еместігін айтып, оларды бейнекамераға түсіре бастаған.
Ақтөбе облыстық ІІД өкілдері болған жайтты растап отыр деп жазады Tengrinews.kz. Олар бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан.