Шығыс Қазақстан облысының Шар қаласында 8 ай бұрын жоғалып, кеше мәйіті табылған 14 жастағы Айым Ұлтомбаеваны өзінің көршісі өлтірген. Бұл жайында YK-news.kz порталына сұхбат берген марқұмның анасы Зимхан Ибраимова мәлімдеді.
Бұған дейін Айымның ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасына Лаура Ибраимова есімді қыз жәбірленушіні өлтірген көрші үйдегі ер азамат деген жазба қалдырған болатын. Кейін бұл ақпаратты Айымның анасы да журналистерге берген сұхбатында растады.
"Біз аталған жігіттен күдіктенген едік. Ол біздің көршіміз. Айым онымен ешқашан байланысқан емес. Ол туралы не айтуға болады? Ол кәдімгі маньяк. Мен оның бұған дейін де бірнеше қылмыс жасағанын білемін" дейді Зимхан Ибраимова.
Айымның туыстары күдіктімен әлі кездеспепті. Бірақ, ұсталған азамат өз кінәсін мойындаған көрінеді. Марқұмның ата-анасы соттан оны өмір бақи бас бостандығынан айыруды талап ететінін мәлідеп отыр.
Бұған дейін жазғанымыздай, полицейлер күдіктіні өзге қылмыстарға байланысты ұстаған. Алайда, тергеу барысында оның кісі өліміне де қатысы бары анықталыптыы. Тәртіп сақшылары тергеудің құриялығына байланысты істің мән-жайын айтудан бас тартуда.
Естеріңізге салайық, Айым Ұлтомбаева өткен жылдың 12 қыркүйегінде түнде өз үйінен жоғалған еді. Қыздың барлық киімдері мен ұялы телефоны бөлмеде қалған. Ол мұнан кейін не туыстарымен, не достарымен байланысқа шықпапты. Марқұмның ата-анасы қыздарын діни радикалдар ұрлап кетуі мүмкін деген болжамын да айтқан болатын.