Қарағанды облысының полицейлері жаңа туған сәбиін дәретхана қағазына орап, қоқысқа тастап кеткен ананы ұстады деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық ІІД бапсасөз қызметіне сілтеме жасап. Тәртіп сақшыларының айтуынша, күдіктіні ұстауға иісшіл иттер көмектескен.
18 жастағы бойжеткенді иттер баланың үстінде қалып қойған иістен тауып алған.
"Нәрестенің анасы ұсталды. Ол 18 жастағы Кеңгір ауылының тұрғыны болып шықты. Тергеушілер қозғалған қылмыстық істің бабын өзгертті. Енді ол баласын өлтірмек болғаны үшін айыпталуда" делінген ІІД таратқан хабарламада.
Полицейлердің мәліметінше, күдікті қыз қамауға алынбаған, ал, онымен тергеушілер жұмыс істеп жатқан көрінеді. Тергеудің құпиялығына байланысты тәртіп сақшылары өзге деректер айтқан жоқ.
Естеріңізге салайық, шала туған шақалақ кеше Қарағанды облысындағы Кеңгір ауылында табылған болатын. Сәбиді тұрғындар қоқыс контейнерінен тауып алған. Анасы оны дәретхана қағазына орап, полиэтилен қалтасына салып, тастап кетіпті. Абырой болғанда нәресте аман. Алайда, денесі қатты жаурап қалғандықтан өміріне қауіп төніп тұр дейді дәрігерлер.