Кеше аялдамада тұрған оқушылар мен ата-аналарды көлігімен басып кеткен 19 жастағы жігіттің жүргізуші куәлігі болмаған. Оған көліктің кілтін әкесі берген дейді ОҚО Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге салайық, кеше Шымкенттегі аялдамалардың бірінде жан түршігерлік жол көлік оқиғасы орын алған болатын. Салдарынан 4 жасар сәби қайтыс болып, бірнеше адам дене жарақаттарын алды. 1984 жылғы әйел мен оның алты жасар баласы аса ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқиға 19 мамырда күндізгі сағат 12:50 шамасында Фабричная көшесінде орын алған. «Ауди-100» маркалы көлікті тізгіндеген 1997 жылғы жас жігіт аса жоғары жылдамдықпен аялдамаға келіп соқтығысқан. Бұл сәтте аялдамада автобус күтіп 9 адам тұрыпты. Барлығы да сол маңдағы мектептің оқушылары мен олардың ата-аналары.
Полицейлердің айтуынша, басты күдікті қазір қамауға алынған. Оның көлігі айып тұрағында. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Сұрау барысында белгілі болғаны, күдікті өткен жылдың желтоқсан айында да жол көлік оқиғасын жасап, жүргізуші куәлігінен айрылған екен. Бұл жолы құжаты жоқ ұлына көліктің кілтін әкесі бере салған.
Ал, балалары жәбірленген ата-аналар болса күдіктіні бұрыннан танитындарын айтып отыр. Ол дәл осы көлігімен көшенің шаңын шығарып, жүйіткіп жүруді бұрыннан әдетке айналдырған көрінеді. Тіпті, көршілері бірнеше рет ескерту де жасаған. Мұны құлағына аспаған бозбала енді алдағы бірнеше жылын түрмеде өткізуі мүмкін.