Қазақстан Сауд Арабиясынан діни көзқарасы үшін ұсталған Әбдіхалил Әбдіжаппаровты («шейх Халил») экстрадияциялауды сұрап отыр. Бұл туралы «Фергана.Ру» порталы хабарлады.
Басылымның мәлімдеуінше, Әбдіжаппаров Қазақстанда ислам атын жамылып, радикалды ағымдардың бірін насихаттаған. Ол өз әрекетін әсіресе, еліміздің батыс өңірлерінде еркін жүзеге асырыпты.
«Ресми емес мәліметтер бойынша, «шейх Халил» Мәдина қаласында 2015 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстанның өзге бес азаматымен бірге ұсталған. Олардың төртеуі - қазақ, бірі - ислам дінін қабылдаған орыс. Ұстаудың нақты себептері сол күйі айтылған жоқ. Алайда, Қазақстанның ҰҚК қызметкерлері жуырда Әбдіжаппаровтың туыстарына барып, оның бұрындары уахабизмді насихаттағанын растап куәлік беруді талап еткен», - делінген аталған мақалада.
Портал тілшілері «шейх Халилдің» қазақ жастары арасында үлкен танымалдылыққа ие екенін де айтып өткен.
Әбдіхалил Әбдіжаппаров 1975 жылдың 6 сәуірінде ОҚО Сайрам ауданындағы өзбек отбасыда дүниеге келген. Облыстағы мешіттердің бірінде ислам ілімін үйреніпті. 1999 жылы Исламабад қаласындағы Халықаралық ислам университетін тәмамдайды. Елге оралысымен Шымкенттегі Қазақ-кувейт университетінде сабақ берген. Аталған ЖОО екі мыңыншы жылдардың басында радикалды исламды насихаттағаны үшін сот шешімімен жабылған болатын.
«Шейх Халил» мұнан кейін Атырау және Орал қалаларында өмір сүрген, халық арасында салафизм идеяларын уағыздаған. 2006 жылдың мамыр айында ол отбасымен бірге Қазақстанды тастап, Сауд Арабиясына көшіп кетті.