Шымкентте 22 мамыр күні жоғалып кеткен 12 жастағы Насыр Балнұр Бақытжанқызы аман-есен табылып, ата-анасына қайтарылды. Бұл жайында ОҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, оқушы қыз 22 мамыр күні кешкі сағат тоғыздар шамасында өз үйінен аулаға шығып, қайта оралмаған. Қаладағы №80 мектептің 5-сыныбында оқитын жеткіншекті куәгерлер бір тәулік ішінде тауып берді.
Балнұрдың анасынан полицияға арыз сол күні түнде түскен болатын. Жедел құрылған іздеу тобы қыздың суреттерін Шымкенттің көшелеріне жабыстырып, тұрғындар арасында іздеу жұмыстарын жүргізген. Бүгін сағат 15:30-да Балнұрды өзі қатарлас балалар "Нұрсат" шағынауданындағы аулалардың бірінен тауыпты. Кішкентай болғандарына қарамастан жеткіншектер жоғалған қыз оқитын мектепке хабарласып, мұғаліміне хабар берген. Педагог артынша тәртіп сақшыларымен байланысыпты.
Қазіргі таңда Балнұрмен психолог мамандар жұмыс істеуде. Оның денсаулығына төнген қауіп жоқ.