Ақтөбеде лаңкестерді ұстау операциясы әлі жалғасып жатыр. Ал, жуырда қолға түскен содырлардың бірін құқыққорғаушылар Қобда ауылы тұрғынының қорасынан ұстапты. Қызығы сол, үй иесі өз қорасында діни радикалдың жасырынып жатқанын мүлдем білмеген. Бұл туралы aktobenews.kz порталы жазды.
Қобда ауылының тұрғыны Жантас Сүндетовты 8 маусым күні таңертең ерте полиция қызметкерлері ұйқыдан оятыпты. Артынша белгілі болғаны, оның қорасынан іздеуде жүрген лаңкестердің бірі ұсталған. Ал, үй иесі ауласында бөтен адамның барын мүлдем білмепті.
«7 маусым күні үйге Гүлім есімді танысымыз қызымен бірге келді. Олар бұрын осы Қобдада тұрып, менің әйеліммен бірге жұмыс істеген. 2012 жылы Ақтөбеге көшіп кетті. Үйге келген соң Гүлім: "Біз Қобдаға қайта көшіп келдік, үй іздеп жатырмыз, тапқанға дейін үйіңізде бір түн қонып кетейік?" деп өтінді. Біз келістік, өтініп тұрған адамды далада қалдырмаймыз ғой», - дейді Жантас Сүндетов.
Қонақтарын тамақтандырып, қалың ұйқыға кеткен үй иелерін таңғы алтылар шамасында тәртіп сақшылары оятқан.
«Таңғы алтыда полицейлер келіп оятты, мені бөлімшеге алып кетті, сарайымда тығылып жатқан адам туралы сұрай бастады. Ал, мен ондай адамның бар екенін білмеппін. Кейін ұққаным, ол Гүлімнің күйеу баласы, яғни еріп келген қызының күйеуі екен. Мұны білгенде үйіме кіргізбес едім», - дейді қобдалық тұрғын.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, лаңкестікке күдігі бар азамат Жантас Сүндетовтан өзге тағы бірнеше адамның үйінде болған екен.