ОҚО әкімдігі аппараты басшысының орынбасары Ақберен Елгезек соңғы бірнеше күннен бері қазақ қоғамы қызу талқылап жатқан діни радикализмге қатысты өз ойын білдірді. Шенеуніктің айтуынша, халқымыздың бойындағы иммунитет ешқандай діни идеологиямен улануымызға жол бермейді екен.
«Сырттан таңылған ешбір діни-саяси идеология қазақтың бойына жұқпайды. Біз осылайша табиғатымызға, болмысымызға, даладай тұнық дүниетанымымызға жат, паразит идеялардан дүр ете сілкініп, пышақпен сылып алып тастағандай аяусыз тазарып отырамыз. Біздің ұлттық-түркілік-қассақтық иммунитетіміз әлі де қуатты. Ғасырлар бойы ешкімге бой алдырмай келе жатқанымыз да сондықтан. Бірде Мекемтас ағам: "Абайды оқысаң, тозаққа бармайсың!" - деп еді. Сол рас. Біздің жол - Абай жолы. Абайды оқыңдар, Абайдың мұрасынан артық қазаққа жақын, қазаққа пайдалы ештеңе жоқ. Оған көздеріңіз жеткен шығар ендігі?!» дейді А.Елгезек өзінің Фэйсбуктегі парақшасында.
Айта кетейік, 5 маусым күні Ақтөбеде суық қаруланған бірнеше адам қару-жарақ сататын дүкенге және әскери бөлімге шабуыл жасап, салдарынан 7 адам көз жұмған болатын, олардың үшеуі - әскерилер болса, төртеуі - бейбіт тұрғын. Ал, лаңкестік жасағандар сапынан 18 содырдың көзі жойылды.