Астаналық полицейлер алты тәуліктен бері жоғалып кеткен 18 жастағы студентті іздестіріп жатыр. Бозбала үйінен университетке қарай шығып, сол күйі қайта оралмаған деп жазады Tengrinews.kz қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еркебұлан Спандияр үйінен 7 маусым күні таңертең ерте шығып кеткен. Келесі күні оның анасы ішкі істер органдарына ұлының хабарсыз кеткенін айтып арызданыпты. Әзірге студенттің қайда екенін ешкім болжай алмай отыр.
"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іздеу жұмыстарына Астана қалалық ІІД-нің жеке құрамы толық жұмылдырылды. Сонымен қатар, ҚР ІІМ Ұлттық Гвардияның әскерилері мен ерікті азаматтар да іздеу жұмыстарына атсалысуда. Сондай-ақ, Алматы қаласы мен облыстардың ішкі істер департаменттеріне хабарланды", - делінген астаналық полицейлер таратқан хабарламада.
Е.Спандиярдың бойы 174 см, арық келген, шашы қара түсті және қысқартылған. Ақ түсті жеңі ұзын көйлек, қара-көк түсті шалбар, қара туфли киген.