$ 498.34  519.72  4.85

Б.Сапарбаев жастардың салафилер қатарына өтуіне имамдарды кінәлады

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің имамдарымен және теологтармен кездесіп, лаңкестік оқиғалардың қайталанбауын тапсырды. Әкімнің айтуынша, мешіттер мен өзге де діни орындарда ақпараттандыру, алдын алу шаралары тым әлсіз жүргізілетін көрінеді. Соның салдарынан, жастардың теріс діни ағымдардың жетегінде кетуі жиілеген деп жазады Informburo.kz.

Салафизм ұстанушыларының көбеюіне құқық қорғау органдарының да кінәсы бар дейді әкім. Өйткені, олар діни ағымдардың жұмыстарын қадағалап, талдау жүргізбейді екен. Жастар бақылауда болмағандықтан мұны діни радикалдар ұтымды пайдаланып келген. Енді бұл жұмыстармен облыс әкімі тарапынан құрылған арнайы жұмыс тобы айналыспақ.

"2011 жылғы оқиғалар сабақ болмапты. Егер сол кезден бастап шара қолданып, нақты жұмыстар қолға алынса, кешегідей терактілер қайталанбас еді", - деді Бердібек Сапарбаев кездесу барысында.

Ал, алдын алу жұмыстарымен айналысатын жұмыс тобының құрамына имамдар, теологтар және ғалымдар кіріп отыр. Олар бір ай көлемінде талдау жүргізіп, кемшіліктердің қайдан кетіп жатқанын анықтайды және оған қарсы қолданатын шаралар тізбегін әзірлейді.

Жұмыс тобының басшысы Асқар Шерияздановтың айтуынша, атқарылатын негізгі жұмыстар қатарында әлеуметтік сауалнамалар жүргізу ісі де бар. Яғни, мамандар діни ағым мүшелерінен сұрақ-жауап алады. Сонымен қатар, мешіттердің және имамдардың жұмысы бақылауға алынбақ.

Естеріңізге салайық, 5 маусым күні Ақтөбеде лаңкестік оқиға орын алып, салдарынан 7 азамат көз жұмған болатын. Құқық қорғаушылар сондай-ақ, 18 содырдың көзін жойғанын мәлімдеді. Олар қаладағы қару сататын екі дүкенге және әскери бөлімге шабуыл жасаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары