$ 498.34  519.72  4.85

Қазақстандағы ең «ішкіш» өңір - Павлодар облысы

Қазақстанда спирттік ішімдіктерді ең көп тұтынатын өңір - Павлодар облысы. Бұл туралы халық алдында есеп берген облыстық ІІД-нің басшысы Марат Қожаев мәлімдеді деп хабарлайды «31-арна».

Қожаевтың айтуынша, алкогольдік ішімдік салдарынан болатын қылмыстар саны биыл 16 пайызға артқан.

«Жан басына шаққанда спирттік ішімдікті пайдалану көрсеткіші жағынан Павлодар облысы бірнеше жыл қатарынан еліміз бойынша көш бастап келеді», - деді ІІД басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап беру барысында.

Дүниежүзілік денсаулық ұйымының мәліметінше, қазақстандықтар орыстар мен еуропалықтарға қарағанда алкогольді аз ішеді. Алайда, Орта Азия елдері арасында біздің алдымызға түсетін халық жоқ. 15 жасқа толған әрбір қазақстандыққа жыл сайын 6 литр таза спирттен келеді дейді мамандар. Бүкіл әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда бұл аз емес.

Павлодардың ең «ішкіш» қала екенін медициналық сауықтыру орталығының қызметкерлері де растап отыр. Әр күннің кешінде мұнда адам сыймай кетеді дейді олар. Мастар әсіресе түнде көп жеткізіледі екен. Сауықаннан кейін үйлеріне қайтарылады. Тәулігіне орталыққа 50 адамға дейін келетін кездер болады. Бұл Қазақстан бойынша ең үлкен көрсеткіш.

«Келушілері ең көп сауықтыру орталығы Павлодар облысында. Былтыр бір ғана жылдың ішінде 30 мың мас адам осы орталыққа жеткізілген. Мегаполис саналатын Алматының өзінде бұл көрсеткіш 10 мың адамды құрады», - дейді Павлодар облыстық наркодиспансер бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Смағұлова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары