Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының арнайы комиссиясы тұрғындар алдында өзін дөрекі ұстаған Талғар аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Құлсейітовтің мәселесін "май шаммен қарап жатыр", деп хабарлады paryz.kz.
Атап айтқанда, бас дәрігер тарапынан этикалық нормалар мен кәсіби мінез-құлықты сақтау қағидасы бұзылған. Оның қатысуымен өткен жиында жергілікті тұрғын Азамат Мұсаров дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін көтеріп, оған мысал ретінде өз жағдайын келтірген.
"2012 жылы менің балам құлап, біз сіздің ауруханаға жүгіндік. Алайда, оған тиісті медициналық көмек көрсетілмеді. Содан кейін мен өзім шу көтердім. Менің сізге деген негативім көп. Өйткені, дәрі-дәрмектерді өзім сатып алдым, түбіртекетері сақтаулы. Сізге жазбаша түрде өтініш жасағанмын. Сіздің емханаға қашан барсақ та айтатындары – "дәрі жоқ" деген бір сөз. Ал олар қайда кетіп жатыр?" - деп сұрады ер адам.
Оған жауап ретінде аудандық аурухана директоры пациент алдындағы барлық міндеттемелерді орындағанын ызаға булығып жеткізді. "Мен бәрін сенің ұлыңа жасадым ғой!.." – деп үстелді тоқпақтап айқайға басқан Нұрлан Құлсейітов, одан әрі сөйлеспей, ашумен орнынан атып тұрып, сыртқа шығып кетті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бас дәрігер Мұсаровқа бұл мәселе бойынша бірнеше рет жауап берген. Сондықтан ол халықпен кездесуде өзін-өзі ұстай алмаған көрінеді. Енді оған қатысты қабылданған шаралар туралы арнайы тексеруден кейін хабарланады.