Астаналық полицейлер 33 жастағы кәсіпкер Балдырған Сыбанбаеваның өліміне күдікті адамның аты-жөнін анықтады деп жазады Tengrinews.kz.
"Астана ІІД полицейлері азаматша Сыбанбаеваны өлтірді делінген күдіктіні анықтады. Ол - Астана қаласының 25 жастағы тұрғыны. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аясында тергеу шаралары жүріп жатыр. Оқиғаның мән-жайы тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді", - деп хабарлады департаменттегілер.
Айта кетейік, биыл 19 маусымда Астана қалалық ІІБ кезекші бөліміне Астана қаласының тұрғыны хабарласқан болатын. Ол 18 маусымда шамамен сағат 03.00-де оның туысы Балдырған Сыбанбаеваның "Ретро" түнгі клубынан шығып, қайта оралмағанын хабарлаған еді. Кейін келіншектің ағасы іздестіру жұмыстарына қатысты жаңа деректерді айтқан болатын.
Кейінірек жоғалып кеткен Балдырған Сыбанбаеваның мәйітінің табылғаны туралы хабарланған болатын. "26 маусымда шамамен сағат 12.00-де Пригородный ауылының маңында із-түссіз жоғалып кеткен азаматша Сыбанбаеваның зорлық белгілері бар мәйіті табылды. Тергеу шараларының барысында туыстары жәбірленушіні таныды", - деп хабарлады ІІД өкілдері. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-ның "Кісі өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы тергеу мүддесімен байланысты айтылмай отыр.