$ 498.34  519.72  4.85

Мәжіліс депутаты өзінің салафизмге қарсы емес екенін білдірді

Бүгін Парламент қос палатасының бірлескен отырысы барысында Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев салафизм идеясына қарсы емес екенін айтты. Бұл туралы Baq.kz порталы жазып отыр. Депутаттың пікірінше, біздегі салафилер қой терісін жамылған қасқырлар көрінеді. Ал, нағыз салафизм ағымын ұстанушылар Сауд Арабиясында дейді халық қалаулысы.

«Енді, оны қазір олай-былай болады деп айта алмаймын. Жалпы, сәләфизмнің өзінің идеологиясы бір кереметтей теріс деп айтқым да келмейді. Себебі Сауд Арабиясы мемлекеті осы бағытты қолдап, діндерінде қолданып жүр. Оның өзінде радикализмнің ештеңесі көрініп тұрған жоқ. Бізде соны бұрмалап алып кететін, соның атын жамылып, бірақ басқа бағытта адамның өміріне қауіп келтіретін, мемлекет құрылымына қауіп төндіретін мәселелер ол басқа дүние. Сондықтан ол мынау қойдың терісін жамылып алғанымен қасқыр қой болмайды. Иә, сондықтан ішкі құрылысын білуіміз керек. Сол себепті заңда, жалпы қабылданатын шешімдер де сол ішкі құрылысын танып барып, жасалуы қажет деп ойлаймын», - деді О.Өксікбаев.

Айта кетейік, Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан кейін шұғыл Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізген Мемлекет басшысы терактінің артында салафилердің тұрғанын айтқан болатын. Мұнан кейін қоғамда аталған бағытқа тыйым салу мәселесі көтерілді. Ал, теолог-ғалымдар салафизм идеясының қазақ қоғамына жат екенін әліге дейін түсіндірумен келеді.

Өксікбаевтың бүгінгі айтқанына қарағанда, елімізде салафизм идеясына тыйым салынбайтын сияқты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары