SCAT әуе компаниясынан басқа еліміздегі бірде-бір авикомпания мүгедек жандарға жеңілдік көрсетпейді. Сал ауруына шалдыққан ұлын Атыраудан Астанаға емдету үшін жиі тасымалдайтын Диас Бисенғалиев осылай дейді.
Диастың әлеуметтік жағдайы орташа деңгейде. Астанаға жиі ұшақпен қатынауға оның қалтасы көтермейді. Ал, пойызбен барайын десе науқас бала ұзақ жолға шыдамайды екен. Әуе компанияларына хат жазып, көмек сұраған Диасқа тек SCAT басшылары ғана оң жауап қайтарыпты. Яғни, аталған компания мүгедек балаға 100 пайыздық, оны ертіп жүретін жанға 50 пайыздық жеңілдік көрсететінін айтқан.
«Air Astana» болса денсаулығында ақауы бар жарымжан азаматтарға қол ұшын созудан бас тартқан. Ал, «Bek Air» өтініш жазылған соң басшылығымыз қарастыратын болады деп нақты жауабын бермепті.
Қазіргі нарық заманында жекеменшік әуе компанияларын кінәлағанымыз да дұрыс емес шығар. Кімге жеңілдік жасағысы келсе өздері біледі, жасамаймын десе де өз еріктері. Бірақ, мұндай мәселелер үкімет тарапынан реттелуі тиіс емес пе? ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, осы министрлікке қарасты Азаматтық авиация мекемесі онсыз да тағдыры ауыр азаматтарға неліктен теріс бұрылып отыр? Осынау ауыртпалық өз бастарына түскен кезде ғана қимылдайтын шығар бәлкім. Әдетте солай еді ғой...
Жо-жоқ, біз жаңа тағайындалған министр Жеңіс Қасымбековке немесе өзге де құзырлы шенеуніктерге ауру тілеп отырғанымыз жоқ. Бала-шағасы аман болсын. Бірақ, шенеуніктеріміздің жарымжан азаматтарға келгенде неліктен осылайша сараңдығы ұстап қалатынын түсіне алмаймыз. Тек қызметінен кеткен кезде ғана олар "кезінде солай істемеппін-ау" деп аһ ұрып жатады.