$ 498.34  519.72  4.85

Биылғы портрет емшекпен салынды, келер жылғысы ше?

Биыл Астананың 18 жылдығы мен Мемлекет басшысының 76 жасқа толуына орай елордаға сый-сыяпат қарша жауды. Өзге ел басшыларын айтпағанда, шетелдік қарапайым тұрғындар да қатар келген қос мерекеге ыстық лебіздерін білдіріп, өз сыйлықтарын беріп жатты. Солардың бірі - ресейлік суретші Ирина Романовская. Ол айтулы күнге орай Назарбаевтың портретін емшегімен салып, біраз жұртты күлкіге қарық қылды.

Романовскаяның ерекшелігі сол, ол суретті төсімен, яғни емшегімен салады. Біреулер үшін бұл расымен де керемет өнер шығар, бірақ, мұны естігенде біздің ойымызға ең алдымен "орыс ойына келгенін істейді" деген қазақтың сөзі түсті. Ойына келгенін істемесе дәл осылай бір елдің президентінің портретін емшегімен салады ма? Жай ғана президент болса мақұл, ең жақын одақтас елдің президенті.

Мейлі, салса салыпты, өнер адамы ғой дейін десек, бүгін суретші тағы бір жағаұстатарлық мәлімдеме жасады. Ол өзінің ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасында аталған портретті Қазақстан билігі сатып алғанын айтты. Көзін жою үшін емес, Назарбаевтың өзіне сыйлау үшін.

«Бүгін Қазақстан Республикасының бас консулдығы жақсы ақшаға Н.Назарбаевтың портретін сатып алды, өзіне сыйлау үшін. Өнерің бағаланса қандай керемет!», — деп жазды ол өз парақшасында.

Оның айтуынша, Елбасының суреті бүгінде Қазақстанға жеткізілген.

«Қазір консулдықтың өкілімен телефон арқылы сөйлестім. Ол маған картинаның Қазақстанға жеткізілгенін айтты», — дейді Романовская.

Суретші портретті нақты қанша ақшаға сатқанын айтпады, тек сомасына көңілі толғанын жеткізді. Ал, бұған дейін қазақстандық ірі кәсіпкерлердің бірі Елбасының емшекпен салынған суретін сатып алу үшін Романовскаяға Астанадан пәтер де ұсынған екен. Бірақ суретші одан бас тартқан.

«Мен өзім салған осынау портретті Назарбаевқа сыйлайды деп тек армандайтынмын. Енді ол кісіге ұнайды деген үміттемін. Егер консулдық портретті Президенттің өзіне сыйлау үшін сатып алса, онда олар дұрыс жасады деп ойлаймын», — деп атап өтті суретші әйел.

Дегенмен, ҚР СІМ бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Ведомствоның ресми өкілі Әнуар Жайнақовтың мәліметінше, Санкт-Петербордағы және Қазандағы Қазақстанның консулдықтары аталған картинаны сатып алмаған.

Ал, сіз кімге сенгіңіз келеді, ерік өзіңізде.

Айтпақшы, Ирина Романовская туралы ақпаратты оқып отырып есімізге Тим Патч есімді австралиялық суретші түсіп кетті, түсіп кетті де жүрегіміз тас төбемізге шықты. Өйткені, ол портреттерді жыныс мүшесімен салады. Сондықтан, Патч Астана күні деген мерекенің бар екенін білмей-ақ қойсын деп тіледік Құдайдан. Әйтпесе, Австралиядағы елшілеріміз оның туындысын сатып аламыз деп тағы үлкен қаражатқа шығындалып жүрер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары