$ 498.34  519.72  4.85

Танымал режиссер министр А.Мұхамедиұлын "откат" сұрады деп айыптауда (ВИДЕО)

Кинорежиссер Талғат Жәнібековтің айтуынша, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фильм түсіруді қаржыландыру үшін пара талап еткен. Арнайы видеоүндеу әзірлеген ол министрліктегі былықтар жайында да жайып салған.

Бүгінде Жәнібеков «Феникс» деген атаумен триллер жанрындағы фильм түсіріп жатыр. Алайда, министрдің кедергі болуы салдарынан жұмысымды бітіре алмай отырмын дейді ол. Режиссер аталған туындысын Ғарышкерлер күні қарсаңында көрерменге ұсынбақ болған екен.

«Мен қазір "Феникс" картинасын түсіріп жатырмын. Біз оны Ғарышкерлер күніне орай аяқтаймыз деп жоспарлағанбыз. Алайда, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бұған мұрша берген жоқ. Ведомство басшылары біздің картинаны заңсыз тоқтатып тастады. Салдарынан біз қазір әрі қарай жылжи алмай отырмыз»,— дейді режиссер.

«Арыстанбек Мұхамедиұлы өз қылығымен жұртты әбден күлкіге қарық қылғанын білеміз. Бірақ, бұл күлкі ашу-ызадан туып отыр. Бұл - мысқыл. Дәл мынадай адам біздің мәдениет пен спорт саласын басқарып отырса, әлем біз туралы не ойлайды?»,— дейді Жәнібеков.

Түсірілім жұмыстарын тоқтатып тастаған соң режиссер мен оның командасы министрлікті сотқа беріпті.

«Біз бірнеше соттан өттік. Олардың бәрінің телефон қоңырауы арқылы шешіліп отырғанын да білеміз. Америкалық әріптестеріміз мұны көріп жағаларын ұстады. Заң толық біздің жақта бола тұра соттан жеңіліп қалғанымызды шетелдіктер түсіне алар емес»,— деп атап өтті ол.

Ал, түсірілім жұмыстарын жалғастыру үшін министр режиссерден "откат" сұраған көрінеді.

«Билік жұмыс істемейді! Біз мұнда ұрлық болғанын дәлелдейтін құжаттарды көрсетіп отырмыз, оған Серік Жұбандықов ("Қазақфильм" АҚ вице-президенті) пен Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысы бар. Мұхамедиұлының өкілі келіп, маған "откат" туралы айтты. Мен қарсылық білдірдім. Содан бастап жұмысымыз тоқтатылды»,— дейді Жәнібеков.

Айта кетейік, «Феникс» фильмінің түсірілімі 2015 жылдан бері созылып келеді. Арыстанбек Мұхамедиұлы сол кезде кейбір құжаттардың дұрыс болмауына байланысты, түсірілім тоқтап тұрғанын айтқан болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары