17.08.2016, 04:55

Грант ала алмаған "Алтын белгі" иелерін 9 ЖОО тегін оқытпақ

Еліміздің бірқатар жоғарғы оқу орындары мемлекеттік грантты ала алмаған 45 "Алтын белгі" иесін тегін оқытуға дайын. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, дарынды балаларды тегін оқыту мақсатында алдыңғы қатарлы оқу орындарымен келіссөздер жүріп, ол өз нәтижесін берген.

"Бұл бастаманы 9 ЖОО-ның ректорлары қоллдап отыр. Енді олар аталған дарынды түлектерге өз гранттарын ұсынуда. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 10 орын, Тұран университеті - 10 орын, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті - 1 орын, Қазақ мемлекеттік заң университеті - 15 орын, Нархоз университеті - 3 орын, С.Демирель атындағы университет - 2 орын, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті - 1 орын, Алматы менеджмент университеті - 1 орын, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті - 2 орын ұсынды", - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Ведомство басшылары дарынды түлектерді тегін оқытуға келіскен ЖОО басшыларына алғысын білдіріп отыр.

Естеріңізге салайық, биылғы ҰБТ нәтижесінде "Алтын белгі" алған 45 түлек мемлекеттік грантқа ие бола алмай қалған еді.