23.08.2016, 03:22

ҰБТ-ны екінші қайтара тапсырған түлектердің жартысынан астамы тағы "сүрінді"

Ұлттық біріңғай тестілеу кезінде шектік балл жинай алмай, кешенді тестілеуге қатысқан түлектердің жартысынан астамы бұл сынақтан да өте алған жоқ деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Кешенді тестілеу Қазақстанның барлың өңірінде 19-21 тамыз аралығында өткен болатын. Оған ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған түлектер, Ұлттық біріңғай тестілеуге мүлдем қатыспағандар, алғашқы кешенді тестілеу кезінде тиісті балл жинай алмаған және оған мүлдем қатыспаған түлектер, ҰБТ кезінде түрлі себептермен емтиханнан шығарылған түлектер қатысып, өз бақтарын сынап көрген болатын.

Қайта тестілеу науқанына барлығы 41 801 абитуриент (45 025 түлек өтініш білдірген) қатысқан. Олардың 27 306-сы қазақ тілінде, 14 495-і орыс тілінде тест тапсырыпты. Сынақтың нәтижесінде 23 778 түлек (56,884 пайыз) шектік балды тағы жинай алмай, өздеріне берілген негізгі мүмкіндікті пайдалана алған жоқ.

Дегенмен, сынақтан өте алмаған бұл түлектер жоғары оқу орындарының күндізгі бөліміне ақылы негізде оқуға түсе алады. Бірақ, алғашқы академиялық жыл аяқталған соң оларды тағы да тестілеу күтіп тұр. Егер студент одан сәтті өте алса оқуын жалғастыра бермек. Өте алмаса оқудан шығарылады.