23.08.2016, 06:27

Қостанайлық экс-полицей өзін түрмеге қамауды сұрап отыр

Қостанайда 60 мың теңге көлемінде пара алып ұсталған экс-полицейдің соты өтіп жатыр деп хабарлайды "Наш Костанай" порталы.

Сотталып жатқан 25 жастағы Ералы Молдыбаев бұған дейін жол-патрульдік полициясында жұмыс істеген, шені - сержант. Ол қызмет бабында жүріп пара алып жатқан жерінен ұсталыпты. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-тармағы бойынша іс қозғалған.

Молдыбаевтың өзі де пара алғанын жасырмайды, жасаған қылмысы үшін өкінетінін де айтып отыр. Алайда, прокурорлар сұрап отырған 3,6 миллион теңге айыппұлды төлеуге жағдайым жоқ дейді ол. Айта кетейік, айыптаушы тарап соңғы сот отырысында судьядан осындай жаза сұраған болатын, яғни алған параның 60 еселік көлемін айыппұл ретінде төлету керек. Сондай-ақ, сержант шенінен айырып, астындағы жеке көлігін мемлекет пайдасына тартып алуды да прокурорлар судьядан сұрап отыр.

Экс-полицейдің қорғаушысы болса прокурорлардың сұрап отырған бұл жазасымен келіспейді. Оның айтуынша, Ералы Молдыбаевтың мұндай ірі ақшасы жоқ, яғни ол айыппұлды төлей алатын жағдайда емес. Сондықтан, ол 3-7 аралығында түрмеге отырып шығуға дайын. Бірақ, оның артында әйелі мен бір жасар баласы бар.