Алматылық сәнгер Лилия Рахтың ұсталғаны бұған дейін хабарланған болатын. Оны адам ұрлады деп айыптаған болатын. Алматы қалалық ІІД бүгін осы істің мән-жайын айтып берді.
Полицейлердің айтуынша, 2016 жылдың 9 шілдесінде оларға 33 жастағы Өзбекстан азаматының жоғалып кеткендігі туралы арыз келіп түскен.
"Кешенді тексеру шаралары барысында белгілі болғандай, азамат У. күш көрсету арқылы ұрланып, қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде қамауда отырған. Полиция қызметкерлерінің дер кезінде жасаған әрекетінің арқасында жәбірленушінің отырған мекен-жайы анықталып, ол аман-есен бостандыққа шығарылды. Осы іске қатысы бар деген күдікпен құқық қорғаушылармен төрт адам ұсталды, оның ішінде азамат Лилия Рах та бар. "Адам ұрлау" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде", - делінген ІІД таратқан хабарламада.
Айта кетейік, Лилия Рах сән әлемдегі ең беделді 500 адамның қатарына кіреді. Ол Алматыдағы Sauvage сәнді бутиктер желісінің иесі.