$ 498.34  519.72  4.85

Маңғыстауда жұмысқа орналасқан кәсіби ұйымдар түлектерінің саны артты

Маңғыстау облысында техникалық және кәсіби ұйымдар (ТКҰ) түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету көрсеткіштері өсуде. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы хабарлады.

Бүгінгі таңда аймақта техникалық және кәсіби бағыттағы 26 (15 мемлекеттік, 11 мемлекеттік емес) оқу мекемесі бар. Техникалық және кәсіби ұйымдар желісі дамып жатыр - 2015 жылы мемлекеттік Түпқараған гуманитарлық-техникалық колледжі мен мемлекеттік емес «Келешек» Маңыстау көппрофильді колледжі ашылды. Кадрларды дайындау 85 мамандық және 135 біліктілік бойынша жүргізіледі. Онда оқып жатқандардың жалпы саны - 23 314 адам. Оның 60 пайызы (13 мың 850 студент) мемлекеттік колледжде, 40 пайызы (9 мың 464 студент) мемлекеттік емес колледжде білім алады. ТКҰ түлектерінің 80 пайызы жұмыспен қамтамасыз етіледі. Соңғы үш жылдан бері бұл көрсеткіш өзгерген жоқ.

«2015 жылы ТКҰ түлектерін жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту 79,2% болды, оның 78,3%-ы мемлекеттік тапсырыспен жүзеге асты. 2014 жылы бұл көрсеткіш 80%-ды құрады, 2013 жылы 78,2% болған. 2016-2017 оқу жылына 3610 адамды қабылдау жоспарланған, оның ішінде 2835 орын - 9-сынып негізінде, 775 орын - 11-сынып негізіне арналған. 2016-2017 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс беру кезінде 1445 адамды жұмысшы мамандықтарға дайындауға тапсырыс қарастырылған. Өткен жылы 270 адам болған бұл көрсеткіш биыл бес есеге ұлғайып отыр. 1445 студенттің басым бөлігі - 1100 адам 9-сынып негізінде қабылданады, 11-сынып негізінде 345 адам», - деді Маңғыстау облысы білім беру басқармасының жетекшісі Зейнеп Тастемірова.

Қазір әріптес-кәсіпорындармен үшжақты келісімшарттар саны 51-ге жетті. 2012 жылы 10 ғана келісімшарт болған еді. Сондай-ақ, 2014-2015 жылдары 3 колледждің институционалды аккредиттеуден өткенін атап өткен жөн: Маңғыстау политехникалық колледжі, Каспий өңірі «Болашақ» колледжі, О.Тұрмағамбетұлы атындағы Жаңаөзен мұнай және газ колледжі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары