Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жазғы каникулға ерекше тапсырма алыпты. Олар демалыстың екі аптасын ауылды жерде өткізуі тиіс. Өткізіп қана қоймай, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігімен танысуы керек.
Бұл жоба «Ауылдағы екі апта» деп аталады. Бұл туралы ерекше тапсырманы орындаған оқушы қыздардың бірі айтып берді.
Ата-аналардың пікірінше, қолға алынған осынау шара расымен де балаларға үлкен пайдасын тигізген. Олардың ойлау қабілеті дамып, қоршаған ортамен байланысы нығая түскен. Сондай-ақ, ауыл халқының өмірін өз бастарынан өткізудің арқасында дастархандағы ет пен нанның, сүт пен майдың, құрт пен сүзбенің қандай еңбекпен келетінін көзбен көрді дейді оқушылардың ата-аналары. Бұл өз кезегінде еңбек пен оның нәтижесін ұғынуға жасалған керемет жағдай.
Тапсырманы орындау барысында оқушылар ауылдағы өмірлерін бейнекамераға және фотоаппаратқа түсіріп, оқуға келгенде презентация жасауы тиіс.
«Мен сиырды қалай сауып жатқанын, оған қалай жем беріп жатқанын көрдім. Ауыл тұрғындарының дастарханында өздері еккен, орған өнімдері тұр, тамақтарының бәрі табиғи жолмен келген. Егер мен ауылға көшіп кетсем тез үйреніп кетер едім ондағы өмірге. Бірақ, ауылда өмір сүру оңай емес екенін көрдім, ондағы тұрғындар нағыз батыл, ер мінезді адамдар екеніне көзім жетті», - дейді екі апталық бағдарламамен ауылға барған оқушы қыздардың бірі.
Ауылға барып келген оқушылар тамыз айының соңында жобаның нәтижесін жасауы тиіс. Бірақ, мақсат – олардың көрген-білгендерін қағазға түсіру ғана емес, ең бастысы ой-өрісінің дамуы, табиғатпен етене араласуы дейді мектеп өкілдері.