ҚР Білім және ғылым министрлігі қос тілде сабақ беретін мұғалімдердің жалақысын өсіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы министр Ерлан Сағадиев Астанадағы №70 мектептегі алғашқы қоңырау барысында мәлімдеді деп жазады Tengrinews.kz.
"Биыл біз жаңа ережелерді әзірлеп жатырмыз. Мұғалім бір санаттан екінші санатқа өткен кезде оның айлық-жалақысының өсетіні белгілі. Енді, биылдан бастап жаңа ережеге сай, екі тілде сабақ беретін мұғалімдердің де жалақысын өсіруді жоспарлап отырмыз. Құжаттардың барлығы дайын болған кезде біз бұл жайында Қазақстанның барлық мұғалімдерін міндетті түрде хабардар етеміз", - деді министр.
Сағадиевтің айтуынша, жаңа оқу жылы басталуының қарсаңында оқулық жетіспеушілігі еш өңірде байқалмаған.
"Биыл бірінші сынып табалдырығын аттаған 370 мың баланың бәрі жаңартылған бағдарламаға көшеді. Оқулықтардың барлығы дайын, 380 мың жинақты басып шығардық. Оларды мектепке тасымалдау жұмысы да аяқталды. Әкімдіктер барлық оқулықтарды үлестіріп біткен. Әзірге оқулық жетіспейді дегенді естіген жоқпыз. Егер мұндай ақпарат болса тексеруге дйынбыз", - деп атап өтті Е.Сағадиев.
Жаңа бағдарламаға сәйкес, бұдан былай мектептерде "Әліппе" пәні оқытылмайды. Оның орнын "Сауат ашу" оқулығы басқан.