19 жастағы Аида Валиеваны полицейлерден бөлек ерікті азаматтар әлеуметтік желілер арқылы да іздеп жатыр. Оның суреті Instagram желісіндегі rozysk_kz тобына жүктелген. Іздеушілердің айтуынша, бойжеткеннің жоғалғанына бір айдан астам уақыт өтсе де полицейлерден ешқандай хабар жоқ.
"Анасының уайымнан қан жұтып отырғанын көргенде жаның ауырады. Оның қызының тағдыры белгісіз. Іздестіруге барлықтарыңыздың атсалысуларыңызды сұраймын, өйткені, біздің құқық қорғаушылар әрекетсіз отыр. Бір айдан астам уақыт өтсе де ешқандай мәлімет берген жоқ. Ешқандай белгі жоқ, қыз ұшты-күйлі ғайып болғандай", - делінген әлеуметтік желідегі аталған хабарламада.
Айта кетейік, дәл осы желіде шымкенттік кәсіпкер Александр Кривошапкин де іздестіріліп жатыр. Ол 20 шілде күні үйінен компания қызметкерлерінің жалақысын таратып беремін деп шығып, із-түссіз жоғалған, өзімен бірге ірі көлемде ақша болған. Полицейлер анықтағандай, кәсіпкер қаражатты алып, Ресейдегі туыстарына қашып кеткен көрінеді.