$ 444.22  476.38  4.82

ОҚО-да 6 мыңжылдық тарихы бар петроглифтер жойылып бара жатыр

Шымкенттің іргесінде ағып жатқан Боралдай өзенінің жағасындағы петроглифтер жақын уақытта мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Тарихтың осынау керемет жәдігерлері ғалымдарға 1905 жылдан бері белгілі және соңғы уақытқа дейін бүлінбей сақталып келген болатын. Алайда, қазір тасқа қашалған жазбаларды вандалдар бүлдіре бастапты. Олар көне жазба үстіне өз есімдерін немесе суреттер салып кетеді. Кейбірі тіпті, тастың өзін сындырып алады дейді Қазақстан археологиялық институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев TVK телеарнасына берген сұхбатында.

Еліміздің бас археологы көне жәдігердің аса құнды тарихи мұра екенін айтып отыр. Оның сөзінше, тау етегіндегі Үлкен-Тұра деп аталатын жерді мыңдаған жылдар бұрын алғашқы қауымның адамдары мекендеген. Мұндағы тастарға тек арқар мен тауешкілерінің суреттері ғана емес, сол кездегі аң аулау тәсілдері, отбасылық өмір салтын баяндайтын суреттер де қашалған. Сонымен қатар, соғыс көріністері, шаруашылықтың кескіндерін де аңғаруға болады.

Қысқасы, осынау петроглифтер Қазақстан тарихы үшін аса құнды ақпараттық жәдігерлер болып есептеледі. Алайда, осыған қарамастан оларды вандалдардан аман сақтап қалу мүмкін болмай отыр. Келген туристер арттарынан із қалдыру үшін өз есімдерін, өзге де жазбаларды немесе адам суреттерін тарихи тастардың бетіне қашап салып кетеді екен.

«Бұл петроглифтер Шымкентке айтарлықтай жақын орналасқан. Біз олардың қаншалықты құнды екенін түсінеміз, білеміз. Мұнда ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде шетелдік қонақтарды әкелуге болады. Оларға ұнайтынына сенімдімін. Алайда, жәдігерлер құрып кетпей тұрып, қорғау жұмыстарын қолға алу қажет. Біз бұл іспен айналысуға дайынбыз, бірақ бәрі ресми болу керек. Петроглифтер орналасқан Бәйдібек ауданының әкімдігіне ресми хатпен шығып, ұсныс айттық. Бірақ, олар сол күйі жауап берген жоқ»,- дейді Сырдария-Түркістан аумақтық табиғи паркінің директоры Бейбіт Мұшқалов шенеуніктердің селқостығына таңырқап.

Тарихи нысанды күзетудің маңыздылығын археологтар да айтып отыр.

«Петроглифтерді бүкіл әлемде қорғайды. Біздің азаматтарымыз олардың маңыздылығын түсінбейді. Бұл біздің заманымызға дейін өмір сүрген адамдардың ізі, жазбалары. Ол кезде әлі жазу мәдениеті деген болмаған. Яғни, мұның қаншалықты құнды екенін түсініп отырған боларсыздар. Сондықтан, петроглифтерімізді қорғауымыз керек. Жақсылап көңіл бөлсе бұл - дайын тұрған туристік нысан»,- дейді Бауыржан Байтанаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары