Қазақ даласында құралайлар дүниеге келе бастады. Киік төлінің суреттерін табиғат зерттеуші Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады.
Сәкен Ділдахмет ғылыми экспедиция құрамында киіктердің төлдеуін бақылап жүр. Оның айтуынша, 2021 жылы алғашқы құралайлар Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Оның сөзіне қарағанда, БҚО-да бұл жануарлардың ең көп популяциясы мекендейді.
"Бірнеше күннен кейін Қазақстан даласында киіктердің бейби-бумы басталады.
Бейби-бумерлердің жаңа буыны мыңдаған жыл бойына әртүрлі аурудан және браконьерлерден аман қалу үшін күшті иммунитетке ие болады деп сенемін.
Ай соңында киіктерді есепке алу жұмыстары аяқталады және жазға қарай олардың нақты саны белгілі болады. Миллионға жетеміз деп ойлаймын", - деп жазды табиғат зерттеуші.
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының (ҚБСА) мәліметтері бойынша, киіктер Қазақстанның Қызыл кітабына енбеген. Алайда оларды аулауға тыйым салынған.