Генерал Алмаз Асенов 2013 жылы сот үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Алайда, жемқор шенеунік бұл мерзімнің небәрі үш жылын ғана отырып шықты деп жазады Informburo.kz.
ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілдері хабарлағандай, генерал Алматы облыстық сотының шешімімен түрмеден босатылған.
"Ол 2016 жылдың 28 маусымында босатылды және Алматы қалалық ҚАЖД-ның Бостандық ауданы бойынша пробация қызметінің есебіне тіркелді", - дейді ҚАЖК өкілдері.
Заңгер Джохар Өтебеков болса Алматы облыстық сотының осынау шешіміне таңданысын жасырған жоқ. Ол 11 жылға сотталған генералдың қалайша үш-ақ жыл түрмеде отырғанына түсінбейді.
"Кімге және қандай еңбегі үшін рахымшылық беріледі? Менің тәжірибемде мұндай сотталушылар болған жоқ. Әріптестерімнен де естіген емеспін. Рахымшылық туралы бұйрықтар неге жария етілмейді? Жалпы, рахымшылық жөніндегі комиссия қалай жұмыс істейді? Оның ашықтығы қайда?", - дейді адвокат өзінің Facebook-парақшасында.
Айта кетейік, Алмаз Асенов ҚР Қорғаныс министрлігінің қарулану бойынша басқармаларының бірін басқарған. Ол қару-жарақты сатып алу, жаңарту және есептен шығару істеріне жауапты болған. Дәл осы басқарма арқылы миллиондаған доллардың келісімдері жүргізіледі.
2013 жылдың басында 200 мың доллар пара алып жатқан жерінен Асенов ұсталған болатын. Генерал украиндық "Укрспецэкспорт" компаниясының басшыларынан "откат" алғаны анықталды. Аталған компания қазақстандық ұшақтарды жөндеу жұмыстарымен айналысқан.