Танымал продюсер Баян Есентаева ауруханадан шыққалы бері алғаш рет сұхбат берді. Тележүргізуші Динара Сатжанмен болған әңгіме барысында ол жолдасы Бақытбек Есентаевпен арада болған жанжалдың себеп-салдарын және жеке өмірі жайында айтып берді.
"Оқиға әлі есімнен кетпейді. Бойымда қорқыныш бар. Кез-келген ер азамат жаныма жақындаса қорқа беремін. Фобия шығар", - дейді Б.Есентаева өзінің қазіргі жағдайы жайында айта отырып. Ол өз денсаулығының біршама жақсарғанын, дегенмен, әлі де бұрынғы қалпына келе алмай жатқанын айтты.
"Оқиға болардан сәл бұрын күйеуіммен ұрысып қалдық. Мен 5 маусым күні іс-сапардан үйге қайтуым керек болатын. Алайда, жанжалдан кейін ол мені қорқыта бастады. Сондықтан, 5 күнге кешігуіме тура келді, ашуы басылсын деп ойладым. Осылайша, 10 маусым күні билетімді ауыстырып, шетелдік рейспен үйге қайттым және келгенімді оның білгенін қаламадым. Әуежайдан түсіп таксиге отырдым. Көлігіміз бағдаршамға келіп тоқтағаны сол екен, есігі ашылып, ол жаныма отырды. Түсінбей қалдым. Қолында пышағы бар, еш қаймықпастан оны маған сұғып алды. Есімді жоғалтқаным жоқ, бірақ, ауруды да сезген жоқпын. Жүргізушіден көмек сұрадым. Әрі қарай бетімнен соққы алғаным есімде. Көзім ісіп, түк көрмей қалдым. Ол мені таксиден күшпен түсіріп, артымызда өзі келген екінші көлікке отырғызды. Оның тізгінінде туған жиені отырған еді. Әрі қарай өздеріңіз білетін жайт орын алды", - дейді Баян күйеуімен арада болған жанжал туралы.
Ол сондай-ақ, Бақытбек Есентаевтың расымен де ойынқұмар екенін мәлімдеді.
Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Алматыдағы казинолардың бірінде ойынхана қызметкерлерін әбден ұрған ер азамат туралы видеоматериал жарияланған болатын. Видео авторы басты кейіпкердің Бақытбек Есентаев екенін айтса да, Баянның өзі бұл мәліметті жоққа шығарған еді.