Грузияда қайтыс болған 26 жастағы қазақстандық бойжеткеннің әкесі полицияға арыз жазды, осылайша олардың туысы Мұрат Мейірбеков жауапқа тартылатын болды. Бұл туралы марқұмның ағасы Orda.kz тілшісіне айтты.
12 мамырда Әселдің денесі туыстарына тапсырылды. Қыз Қабанбай батыр атындағы туған ауылында жерленеді. Ауыл Нұр-Сұлтаннан жарты сағаттық жерде орналасқан.
Ауыл тұрғындары Айтпаевтар отбасындағы қайғылы жағдай туралы біледі.
Мәйітті әкесінің үйіне жеткізді. Көршілері, достары мен туыстары көңіл айтуға келді. Әселдің артында ата-анасы, үлкен әпкесі және он алты жастағы мектепте оқитын інісі қалды.
Бізді қарсы алуға Әселдің немере сіңлісі Айман Айтпаева шықты. Грузияға кетер алдында марқұм онымен Нұр-Сұлтанда бірге тұрған.
Көңілді, тәкаппар, батыл, тіке сөйлейтін Әсел өтірікке төзбейтін, ол сәл «еркекшоралау» болатын, – деп еске алды Айман. Тұрмысқа шығып, бала сүйгісі келген. Ол елордалық фитнес-клубта жұмыс істеген.
– Әрқашан биіктен көрінуге тырысатын. Бастық болып, шетел асып, өмір көргісі келді. Сол кезде аяқ-астынан осындай мүмкіндік пайда болып, туысы шетелге шақырды. Сондықтан ол Грузияға баруға бірден келісті. Жұмыс ұсынған сыныптасы да туысымыз. Мұрат ол жақтағы жұмысқа орыстілді, пысық қыз керек деді. Біз екі күн құжат жинадық. Шақырушы тарап оған ақша жіберіп, 27 сәуірде Әсел жолға шықты. 5 мамырда біз одан айырылып қалдық, – дейді Айман Айтпаева.
Туыстары сол екі апта ішінде Әселдің қандай жағдайда болғанын нақты білмейді. Олар адам шошырлық мәліметтерді кейінірек білді. Нұсқалардың біріне сәйкес, Әсел Мұрат Мейрбековпен бірге Рустави қаласында тұрған. Мұрат оны екі күн қорлап, зорлық көрсетіп, артынша досына сатып жіберген.
– Грузиялық Бесо Әселмен сөйлесіп тұрған аудиожазбада ер адам «Қазақтар сені сатып кетті» деп айтады. Толық мәліметтер Грузияда тексеріліп жатыр. Қазір жаңа жағдайлар анықталуда. Бізге бір қыз хабарласып, Мұрат оған да Грузияда жұмыс ұсынғанын айтты, бірақ ол бас тартқан, – деді туысы.
Мейірбеков Грузиядан қайтып кеткен, ол Қазақстанда болуы мүмкін. Әсел Айтпаеваның туыстары оның қазіргі орналасқан жері туралы білмейді. Ер адам олармен байланысқа шығып, мән-жайды түсіндіруге немесе кешірім сұрауға да тырыспаған.
– Мұраттың ата-анасы келгісі келді, бірақ біз оларды көргіміз келмейтін жағдайға жеттік. Мұрат бізге алыс туыс, неге оны жақын туысы деп жазатындарын түсінбедім. Ол оңтүстіктен. Мұрат пен оның әйелі Нұр-Сұлтанда тұрады, ал олардың туыстары осы ауылда, – деді Әсел Айтпаеваның бауыры Мадияр Айтпаев.
Алдымен туыстары қайғылы оқиғаға Мейірбековті кінәлайды. Әселдің әкесі Мұратты «жазасыз қала ма» деп қорқып, полицияға арыз жазды. Марқұмның туыстары Мейірбековті Грузияға депортациялауды талап етуде.