$ 444.22  476.38  4.82

Шымкент балабақшасында 4 жасар сәбиді қатарластары өлімші етіп қылқындырған

Оқиға 7 қыркүйек күні Шымкенттегі №14 "Сұңқар" балабақшасында орын алған деп жазады Informburo.kz. 4 жасар Марк Хаджиевті қатарластары жіппен қылқындырып, талдырып тастаған. Сәбидің анасы Алина Хаджиеваның айтуынша, бұл сәтте балалардың жанында тәрбиеші болмапты.

Кішкентай балалардың әрекетінен шошынған әйел дереу полицияға арыз жазған. Алайда, Абай аудандық ІІБ-нің тәртіп сақшылары бұл жайт бойынша қылмыстық істің жабылғанын телефон арқылы айтыпты. Шарсыз әйел енді БАҚ арқылы әділдік іздеуге кірісіп отыр.

"№14 балабақшаның ауласында ойнайтын алаңқай бар, ол жерді сәндеу үшін пластмассадан гүлдер қиып, қатты жіппен байлап бекітіп тастаған. Балалар сол гүлдің біреуін жұлып алып, жібімен менің ұлым Маркты қылқындырған, екі бала екі жағынан ұстап тартыпты. Ұлым ес-түссіз талып түскен. Мойнындағы қанталаған қызыл іздер сол пластмассадан қалып отыр. Ол өліп кетуі мүмкін еді ғой?! Жанында тәрбиешілері де болмапты", - дейді Алина Хаджиева.

Оның айтуынша, тәрбиеші бұл балабақшаға жаңадан келген, тіпті, аты-жөні де есімде жоқ дейді. Алғашында кешірім сұрап, расымен де балалар жанында болмағанын мойындағанымен, оқиға орнына полиция келгенде өзі талып қалып, сөйлеуден қалыпты. Артынша, балабақша меңгерушісі хабарласып, тәрбиешінің уайымнан инсульт алғанын мәлімдеген.

"Бейсенбі күні біз орын алған жайт бойынша қалалық білім бөлімінің басшысы Тәжиеваның алдында жиналдық. Инсульт алған адам қалайша бала тәрбиесімен айналысады десек, ол инсульт алмаған, декреттен шыққан әйел дейді шенеунік. Кім кімді алдап отыр? Шу көтермеңдер, балаң жіпке өзі құлап қалған деп тағы алдайды. Енді қазір адвокат жалдап, арызыңды полициядан қайтарып ал деп отыр", - дейді өлім аузынан қалған баланың анасы.

Педагогтар болған жайтты балалардың ойыны, оған бола даурығудың қажеті жоқ дегенді айтыпты. Алина Хаджиева болса мұнымен келіспейді. Ол өз ісіне жауапсыздық танытқан мамандар жазалануы тиіс дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары