Бүгін таңның атысымен Астанадағы иісі мұсылман қауым айт намазына барып, белгіленген орындарда құрбандық шалды. Алайда, осынау қасапханалардың тазалығына кейбір тұрғындардың көңілі толмай отыр. "Бұл мерекеде сойылған мал халал деген атқа лайық болу керек" дейді олар.
Айта кетейік, биыл елорданың алты қасапханасында құрбандық шалуға рұқсат етілді. Олардың барлығы да қаланың сыртында орналасқан.
"Малды өз үйімізде соя алмағандықтан амал жоқ, осында келеміз. Бірақ мұнда тазалық деген атымен жоқ. Малдың боқ-сідігі араласып ағып жатыр, ортасында қасапшы қой соя береді. Еттің бәрі қыл-қыбыр, тазалық болмаса ол қалай халал болады?", - дейді өзін Асылхан деп таныстырған астаналық тұрғын.
Ол Астана іргесіндегі "Ильинка" аталып кеткен елдімекен жанындағы қасапханада құрбандық шалғанын айтады.
"Тек бұл қасапхана емес, Астанадағы мал соятын орындардың барлығы осындай - антисанитария. Шенеуніктеріміз кеудесін ұрып мақтанғанда жұрттың төбесін ойып жібере жаздайды, енді ең болмаса дұрыстап қасапхана салмайды ма! Мына түрімізбен дамыған елдердің қатарына қалай қосылмақпыз? Шетелден келіп жұмыс істеп жатқан өзге ел азаматтары да құрбандық шалуға осында келуде. Жиіркеніп тұрғандары түрінен байқалады", - дейді құрбандық шалған астаналық тұрғын.
Германиядан Астанаға қыдырып келген қандастарымыздың бірі де осы қасапханада жүр. Өз аты-жөнін жазбауымызды сұраған ол мұндай лас орында мүмкіндігінше құрбандық шалмау керектігін айтады.
"Германияда мал соятын орындардың тазалығы сонша, боқ-сідік түгілі сойған еттен қыл таппайсыз. Малыңызды арнайы таза киім киген қасапшылар сойып береді. Тазалық ол артық ақшаны талап етпейді ғой, үлкен ғимарат салудың да қажеті жоқ. Астана билігі бұл ескертулерден нәтиже шығарады деген ойдамын", - дейді германиялық қазақ.