$ 444.22  476.38  4.82

Ақтөбеде бір үйдің 6 баласы ата-анасыз өмір сүріп жатыр

Балалардың әкесі инсульттен кейін ауыр халде ауруханаға түскен. Аналары болса оларды тастап кетіпті. Қазір Тараз қаласында жұмыс істейді. Алты бала болса салынып бітпеген салқын үйде не сусыз, не газсыз өздері ғана тұрып жатыр.

Өткен аптаның жұмасында Бақыт Шыныбеков инсульт алып, дереу ауруханаға жеткізілген. Ол қазір дұрыстап сөйлей де алмайды. Дегенмен, өміріне төніп тұрған қауіп жоқ дейді дәрігерлер. Біраз күн емделгеннен кейін үйіне оралады. Бірақ, жұмыс істеуі екіталай.

Балалардың айтуынша, олардың аналары Тараз қаласына кетіп қалып, сол жақта жұмыс істеп жатқан көрінеді. Анда-санда ақшамен, азық-түлікпен көмектесіп тұрады дейді Жасмин мен Диана есімді қыздары. Ал, үйдің үлкені Сапаркүл болса бой жетіп қалған, жасы 17-де. Ол педагогикалық колледждің студенті. Отбасындағы жағдайға байланысты сабағынан сұранып, ата-ананың орнын басып отыр. Үйдің кенжесі, әрі отбасындағы жалғыз ұл Руслан болса небәрі 7 айлық. Оған да үнемі күтім керек.

Балалар саяжайдағы құрылысы толық бітпеген үйде тұрып жатыр. Мұнда не су, не газ жоқ. Күн суытқанда жаурап, газ плитасына жылынуға мәжбүр.

Ата-анасыз өмір сүріп жатқан балалар туралы әлеуметтік желілерде жазылған болатын. Бүгін олардың үйіне қала әкімдігі жанындағы жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияның өкілдері келіп, жағдаймен танысты. Олар қазір балалардың жақын туыстарын іздеп жатыр. Егер табылмаса барлығы жасөспірімдерді оңалту орталығына орналастырылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары