Владислав Челах пен Нұрлан Жоламановты соттаған судья атышулы Тоқтар Төлешов ісін де қарайтын болды. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы хабарлап отыр. Бүгін Астанадағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша әскери сотта "Шымкентсыра" компаниясының бұрынғы басшысының сот процесі басталды.
Аталған істе мемлекеттік құпия саналатын деректер айтылғандықтан сот отырысы жабық режимде өтеді. Яғни, оған БАҚ өкілдері қатыспайды. Айта кету керек, бұған дейін тергеумен ведомствоаралық шұғыл-тергеу тобы айналысқан болатын. Оның құрамына ҰҚК мен ІІМ қызметкерлері кірген. Ал, бүгінгі отырысқа келген куәгерлер де, қорғаушылар да тілшілермен сұхбаттасудан бас тартты.
Сот ғимаратында белгілі болғаны, аталған атышулы істі Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша әскери соттың төрағасы Ербол Ахметжановтың өзі қарайтын болады. Ол 2015 жылдың наурызында ҚР ҰҚК шекара қызметінің экс-басшысы Нұрлан Жоламановты соттаған. Сондай-ақ, судья Ахметжанов 2012 жылдың желтоқсанында өмірінің соңына дейін сотталған Владислав Челахқа да үкім оқыған болатын.
Әскери сотқа Тоқтар Төлешовтің ісі 29 тамызда "Құпия" деген белгімен келіп түскен. Қылмыстық істің көлемі 300 томға жүк болыпты. Бұл істе 100-ден астам куәгер, 17 жәбірленуші және жәбірленушілердің 12 өкілі бар. Төлешовтің өзі болса мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті басып алмақ болды деп айыпталуда.