Павлодар облысының Қызылқақ ауылын бір күнде бүкіл ел таныды. Осыдан 3-4 күндей уақыт бұрын арнайы жасақ өкілдері ауылға басып кіріп, ондаған адамды соққы астына жыққан болатын. "Таяқ жегендердің" қатарында 15 жастағы мектеп оқушысы, ауыл имамы және шаруа қожалығының басшысы да бар. Олардың айтуынша, полицейлер ешқандай сөзге келместен, түсіндірместен алдынан шыққан ер азаматтардың бәрін тепкілей беріпті. Артынша халық шу көтеріп, бұл іске облыстық ІІД араласты. Күш көрсеткен құқық қорғаушылардың үстінен "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша іс те қозғалған.
Ал, ауылға басып кірген арнайы жасақ өкілдерінің айтуынша, олар сирек кездесетін Artemia salina шаяндарын аулаушы браконьерлерді ұстамақ болған. "ОМОН" сарбаздары "артық күш қолданғанымыз жоқ, тек бұйрықты орындамағандықтан самбо әдісін қолдандық" дегенді айтып отыр.
Қызылқақ ауылы қарайтын Ертіс ауданының әкімі Виктор Дубовицкий болса соққыға жығылған ауыл тұрғындарының арасында браконьерлердің жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол бұған дейін тәртіп сақшылары арыздарында көрсеткен 80 жігіт туралы деректі де жоққа шығарып отыр.
"Жәбірленген тұрғындардың арасында браконьер жоқ деп айта аламын. Ал, полицейлердің айтып отырған 80 жігіт туралы әңгімесі шыдыққа сәйкес келмейді. Ауылда еңбеке жарамды бар-жоғы 110 адам бар. Олардың барлығы дерлік жұмыстарымен жүр", - деді Дубовицкий журналистермен болған баспасөз мәжілісінде.
Оның айтуынша, табиғатта сирек кездесетін Artemia salina шаяндарын ауыл тұрғындары шынында да аулайтын көрінеді. Браконьерлермен күрес ұзақ уақыттан бері жүріп келеді дейді ол.
"Ондаған жылдар бойы Қызылқақ тұрғындары Artemia salina шаяндарын заңсыз аулап келген. Ал, 14 қыркүйек күні көлді күзететін сақшылар мен браконьерлер арасында қақтығыс болған. Қазір Қызылқақ ауылында жағдай тұрақты, тыныш. Әлеуметтік шиеленіс жоқ. Қызметін асыра пайдалану дерегі бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Халыққа қарсы күш қолданған полицейлердің бәрі тергеу аяқталғанша қызметтен шеттетілген. Жағдайды прокуратура өз бақылауына алды", - деді әкім.
Қызылқақта 48 шаңырақ бар. Ауыл тұрғындарының саны 205 адамды құрайды. Олардың еңбекке жарамдысы - 110. Олар негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады екен. Елдімекенде бірнеше шаруа қожалығы бар. 3500 гектар алқапқа егін егіледі. Ал, ауылдағы мал басы бүгінде 4 мыңнан асқан.