$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысындағы ағайынды үш жігіттің қалай өлтірілгені айтылды

Алматы облысында 40 бас сиыр үшін өлтірілген апталдай үш азаматтың ісіне қатысты туыстары жаңа деректер айтты. Қандықол қылмыскерлер ағайынды жігіттердің аяқ-қолын байлап, айдалада атып өлтірген екен. Кейін қылмыстарын жасыру үшін мәйіттерді тастанды қораға жасырып кеткен. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Марқұмдардың денелерін кеше туыстары мәйітханадан үйлеріне жерлеу үшін алып кетті. Әзірге күдікті ретінде екі адам ұсталғанымен, жәбірленуші тарап олардың әлдеқайда көп болғанын айтады. Өйткені, қайтыс болған үш жігіт те қарулы, екі адамның оларды жайратып салуы мүмкін емес дейді туыстары.

"300-400 адам көтерілгеннен кейін барып 2-ақ адамды ұстап отыр. Ол 2-3 адамның қолынан келмейді. Біздің Қаділбекіміз бауырымыз өзі төрт адамға шамасы жететін жігіт. Қалай байласа да", - дейді марқұмдардың ағасы Әутен Әбілмәжитұлы.

"Әрқайсысын жеке -жеке, екеуінің басынан атқан, біреуін кеуде бөлігіне атқан. Күдіктілер ұсталды. Біреуінің аты – Талғат, екіншісінің аты – Оңалбаев Мұрат деген жігіт. Таудың ішіне апарған. Сол жақта шлагбаум бар екен. Сол шлагбаумда тоқтап, бірінші Мұқиятты өлтірген, одан кейін Жарқынды өлтірген, одан кейін Қаділбекті де байлап, сол байлаған күйінде атқан", - дейді қайтыс болған жігітердің тағы бір ағасы Еркін Бейсеке.

Туыстарының айтуынша, ұсталған екеу оларға ешкімнің көмектеспегенін, қылмысты тек өздері ғана жасағанын айтып отырған көрінеді. Полицейлер де тергеу аяқталғанша ешқандай мәлімдеме жасауға асығар емес.

"Бірінші малын түсіріп алған, сосын атып өлтірген. Одан көмген. Айуандықпен қинаған. Сосын өлікті малдың қиымен көміп кеткен. Бұл қылмысты бірнеше адам жасаған деп ойлаймын. Ұлдарым 2-3 адамның қолынан өлмес еді. Үшеуі де қарулы мықты жігіттер еді...", - дейді марқұмдардың әкесі.

Естеріңізге салайық, ағайынды үш жігіт осыдан он күндей бұрын мал базарға 40 бас сиыр сатуға барып, содан ұшты-күйлі жоғалған еді. Олар жоғалмастан бұрын үйіне хабарласып, малды сатып алушы клиент тапқанын айтып қуанған. Содан байланыс үзіліпті. Көргендер үш ағайындының төрт түлікті екі жүк көлігіне артып, тауға қарай бет алғанын айтқан. Полицейлер сол ізбен күдіктілерді, кейін марқұмдардың денесін тапты. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, қайтыс болған ағайындылардың денесі жер қойнауына бүгін тапсырылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары