28.09.2016, 10:06

Даниал Ахметов Жұма намазына баратын мемқызметкерлерге шүйлікті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов әкімдік қызметкерлерімен өткізген жиында Қазақстанның діни емес, зайырлы ел екенін еске түсіріп, құлшылықты тек жұмыс уақытынан тыс кезде жасау керектігін ескертті. Бұл туралы yk-news.kz порталы жазып отыр.

Даниал Кенжетайұлы қоластындағы қызметкерлеріне екі жолдың бірін таңдау керектігін де қадап айтты.

"Мен білемін, жұма сайын ондаған мемлекеттік қызметкер жұмыс уақытында мешітке кетіп қалады. Қойыңдар мұндайды! Екі діни мейрам бар: Құрбан айт пен Рождество. Сол уақытта қанша барғыларыңыз келсе де баруға болады. Жалпы, сіздер өздеріңіз таңдауларыңыз қажет: конституциялық қоғамда өмір сүріп, жұмыс істейсіздер ме, әлде басқа қоғамда ма?! Мен сіздердің дін ұстанатындарыңызға қарсы емеспін. Бірақ, Конституцияда жазылған: Қазақстан - зайырлы мемлекет. Осында отырған басшылар, өз қызметкерлеріңіздің жұма күні сағат 12-ден кейін неліктен жұмыстан кетіп қалатынын анықтап, қадағалаңыздар", - деді Д.Ахметов жиын барысында.

Ол діни рәсімдермен тек жұмыстан тыс уақытта ғана айналысу керек деп есептейді.

"Мен де Құрбан айт кезінде мешітке барамын. Сондай-ақ, Рождество кезінде православ христиандарын шын жүректен құттықтаймын. Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы да осылай жасайды. Ал, жұмыс уақытында мешітке кетіп қалу деген дұрыс емес, бұл жұмыс тәртібін бұзу болып есептеледі", - сөзін түйді ШҚО әкімі.