Алматыдағы 18-ші тергеу изоляторының қызметкері Руслан Хакимов сотталған әйел Наталья Слекишинаны зорлағаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айрылды. Жазасын ол жалпы режимдегі түрмеде өтейтін болады деп хабарлайды Informburo.kz. Сондай-ақ, оған қызметін асыра пайдаланды және азаптады деген айыптар да тағылған.
"Руслан Хакимов ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 4-тармағы, 120-бабының 2-тармағы және 146-бабы бойынша айыпты деп табылып, тоғыз жылға бас бостандығынан айрылсын", - деді Түркісіб аудандық сотының судьясы Айсара Жылқыбаева үкімді оқу барысында.
Сондай-ақ, Хакимов өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызметке араласа алмайды. Сот оны әділет органының майоры шенінен де айырып отыр.
Естеріңізге салайық, 29 қыркүйек күні Руслан Хакимов соттағы соңғы сөзін айтқан болатын. Ол өзіне тағылған айыптардың ешбірін мойындамайтынын айтып, өзін ақтап алуды талап етті. Түрме қызметкері Наталья Слекишинамен жыныстық қатынаста болғанын жоққа шығармайды, бірақ бұл қатынас зорлық емес, әйелдің келісімімен болды дегенді айтып отыр.
Айта кетейік, Наталья Слекишина биыл маусым айында өзін түрме қызметкерлерінің жабылып зорлағанын айтып шағымданған болатын. Салдарынан ол жүкті болып, бала босанып алған. Алайда, сот-медициналық тексеру барысында бұл іске тек Руслан Хакимовтың ғана қатысы бар екені дәлелденді. Туылған сәбидің әкесі де сол түрме қызметкері.