Әлемдегі ең қатыгез қылмыскерлер жазасын өтейтін Гуантанамо түрмесінде 13 жыл отырып шыққан тунистік Лютфи бен Әли Қазақстанда оңалтудан өтіп жатыр. Ол біздің елдегі жағдайының нашарлығын айтып шағымданды.
"Гуантанамода жанымда сөйлесетін, пікірлесетін адамдар болды, мұнда ешкімім жоқ, жалғыздық", - деп мұңын шақты 51 жастағы тунистік азамат. Ол қазір Семейде, қала аумағын тастап кете алмайды. Тұтқын емес, бірақ толыққанды еркіндікте де емес. Оңалту жұмыстарының қалай өтіп жатқанын The Guardian басылымының тілшілері жазды.
Лютфи бен Әли Қазақстанға 2014 жылдың соңында жеткізілді. АҚШ-та оған әл-Каида лаңкестік ұйымымен байланыса болған және тунистік экстремистік топтың мүшесі болған деген айып тағылған. Әлидің өзі болса тағылған айыптардың бірде-бірін мойындаған жоқ. Өзінің айтуынша, ол әйелін іздеп алдымен Пәкстанға, кейін Ауғанстанға барған екен. Америкалық құқық қорғаушылардың қолына сол жақта түсіп қалған.
Тунис азаматы біздің елде Халықаралық Қызыл Кресттің екі жылдық оңалту бағдарламасынан өтіп жатыр. Осы мерзімі аяқталған соң ол еркін адамға айналады.
Британ тілшілерінің жазуынша, араб азаматы қазақ қоғамына сол күйі сіңісе алмаған. Бірақ, алғашында Қазақстанда мұсылмандар көп болғандықтан ол біздің елді жатсынбайды деп күтілген екен.
"Жаңа жыл қарсаңында келдім. Далада -30 градус аяз еді. Ал, емнің аяғымда сүйретпе жеңіл аяқ киім бар тұғын. Өйткені, Гуантанамода менің аяғыма сыятын қалың аяқ киім болмады. Қазақстан мұсылмандар елі болғандықтан бұл жерді көз алдыма басқаша елестеткен болатынмын. Бірақ, күткенімдей болмады", - дейді ол жаңажылдық мерекелер туралы өз ойымен бөлісіп.
Әли Қазақстандағы медицина сапасының да төмен екенін айтып отыр. Оның жүрегі ауырады. Алайда, тиісті емдомды жергілікті дәрігерлер көрсете алмай отырған көрінеді. Әлимен бірге Гуатанамодан еріп келген екінші тұтқын болса осы Семейде жүрек ауруынан қайтыс болыпты.
Тунистік азамат Семейде тек мешіт имамымен ғана араб тілінде сөйлесетінін айтады. Одан өзге оның сырын тыңдайтын ешкім жоқ. Ол енді 2016 жылдың соңында мерзімінің бітісімен өз еліне оралатын болады.