$ 498.34  519.72  4.85

Кейкі батырдың басын елге жасырып әкелген Мәдениет министрлігі мәлімдеме жасады

Бүгін таң ата Ресейден ұшқан арнайы рейс Кейкі батырдың бас сүйегін елге жасырын түрде жеткізгенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ал, Астана әуежайында бабаларының сүйегін күткен ұрпақтары мен ғалымдар бұл хабарды естігенде ұнжырғалары түсіп, үйлеріне қайтты.

Арыстанбек Мұхамедиұлының бұл әрекетін тек батырдың туыстары ғана емес, әлеуметтік желіде отырған қазақстандықтар да сынға алған. Тіпті, арнайы рейспен келген жәдігердің Кейкінің бас сүйегі екеніне күмәнмен қарайтындар да пайда болды.

Дегенмен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бас сүйектің расымен де Астанаға жеткізілгенін және оның Кейкі батырға тиесілі екенін ресми мәлімдеді.

"Қазіргі таңда Кейкі батырдың бас сүйегі оны Қазақстанға жеткізумен айналысқан арнайы мамандар тобының қолында", - деді министрлік өкілі "Интерфакс-Қазақстан" ақпараттық агенттігіне берген жауабында.

Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген.

Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған.

Кейкі Көкембайұлы Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған (ел аузында «июнь жарлығы» деп аталады) Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс - Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті.

1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батыр қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. Ақыры, 1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А.Токаревтің сөзіне сеніп Торғайға оралған Кейкі жолда оның шын ниетін сезіп қалып, Александр Токаревті сол жерде атып тастайды. Бірақ Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан қызыл әскердің солдаттары, оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршап алып, айуандықпен өлтіреді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алады. Кейкі батырдың басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қояды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға жөнелтеді, ал 1926 жылы республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петерборға алып кеткен. Ол бүгінге дейін Санкт-Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасында сақталып келді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары