2 қазан күні жоғалып кеткен алматылық бойжеткен Диана Советқан аман-есен табылды. Тәртіп сақшылары оны бүгін қаладағы жер үйлер орналасқан шағынаудандардың бірінен іздеп тапқан деп жазады Informburo.kz. Анықталғандай, жатақхана бөлмесінде қызды өзінің таныс жігіті күштеп ұстаған көрінеді.
Диананың ағасы Рашид Тұрсыновтың айтуынша, қызды 1994 жылы туған досы алып қашып кеткен. Ол Диананың ұялы телефонын алып қойып, өзін әбден қорқытыпты. Бойжеткенді жатақханаға жігіт алдап апарған дейді Рашид. Үйлену туралы әңгіме мүлдем қозғалмаған.
"Диананы тапқаннан кейін оны полиция бөлімшесіне алып барды. Ол жерде жігіт екеуін бетпе-бет сөйлестірді. Қыз сөйлеген жоқ. Сосын қарындасымды үйге алып кеттік. Ол әбден қорқып қалған, ешкіммен сөйлеспейді, тамақ ішпейді. Денесінде зорлық-зомбылықтың іздері жоқ. Меніңше, оған психологтың көмегі керек", - дейді Рашид Тұрсынов.
Оның айтуынша, қыздың туыстары ұрлаған жігіттің жазалануын талап етеді. Өйткені, ол бойжеткенді 4 күн бойы өз еркінен тыс қамауда ұстаған.
"Қазір ол жігіт өзге жаққа кетіп қалды. Бірақ, біз оның үстінен арыз түсіреміз, іздеп тапсын, жазаласын!", - дейді Диананың ағасы.
Айта кетейік, Диана Советқан өзінің туған күнін тойлап болған күннің ертесіне жоғалып кеткен болатын. Ол жұмысына кетіп, қайта оралмаған. Оның анасы мен басшысына осы күндер аралығында белгісіз біреуден бірнеше СМС-хабарлама келіп түсіпті. Оның мәтіні жарияланған жоқ.