04.10.2016, 15:25

Шымкенттіктер «Тәуелсіздік» шыңын бағындырды

Оңтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс-шара аясында өткізілген тау шыңын бағындыру фестивалі өз мәресіне жетті.

ОҚО әкімдігінің ұйытқы болуымен қолға алынған 3 күндік шараға 27 альпинист қатысып, 4100 метрлік шыңды бағындырды. Бұл жолғы фестивальдің ерекшелігі сол, шараға шетелдік қонақтар да қатысып, фестиваль халықаралық сипатқа ие болды.

Ауа райының күрт өзгеруіне қарамай тауға өрмелеген спортшылар «Тәуелсіздік» шыңына шығып, көк туымызды желбіретті.

Айта кетейік, оңтүстікқазақстандық белсенділер осыдан бірнеше күн бұрын дәл осы «Тәуелсіздік» шыңын бағындырған болатын.

Ол кезде іс-шараға қатысушылар Өгем тау жотасының шығысы жағында орналасқан «Тәуелсіздік» шыңын бағындырумен қатар, суретшілердің сайысына да қатысты. Арнайы жол көрсетушілермен тауға шыққан жастар 2200 метр биіктікті бағындырып, өз алдарына рекорд жаңартты.

Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс-шара акциясы аясында ОҚО-ның Отырар ауданында жергілікті тұрғындардың қатысуымен марафон болып өткен болатын. «Дені сау ұлт – Тәуелсіздік тірегі» атты бұқаралық жүгіруге 100-ден астам аудан тұрғыны қатысып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлестерін қосқан еді.

Бұдан бөлек, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ОҚО-да биыл «25 жылда – 25 мектеп» акциясы да өтті.